Бүгін ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Семей қаласына барды. Сенат төрағасы қаладағы іргелі өндіріс орнының жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, жергілікті университетте оқытушылар қауымымен және студенттермен жүздесті.
Сенат төрағасы алдымен ат басын тіреген «СемАЗ» автокөлік құрастыру зауыты өткен жылдан бастап, «Урал», «SHAСMAN» жүк көліктері мен «Беларусь» тракторының жаңа модельдерін шығара бастады.
Бүгінде кәсіпорын жоспарланған жобалық қуатта жұмыс істеуде. Іргелі өндіріс орны техникалық мүмкіндіктерін одан ары арттыра түсу үшін Қытай, Ресей, Беларусь елдерімен тығыз байланыс орнатып отыр.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы мүшелерімен де жүздесті. Онда партия алдына қойған мақсат-міндеттер жайы сөз болды.
Ал өңірдегі іргелі оқу орны - Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінде оқытушылар және студенттермен кездесуінде Сенат төрағасы Президент Жолдауын талқылауға қатысып, елді дамыту бағытында жастарға зор міндеттер жүктеліп отырғандығын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Бүгінде университеттердің негізгі міндеттерінің бірі - ғылымның дамуы мен оның қолданысқа енуіне қажет инфрақұрылымды құру. Президент талантты тұлғаларды іздеу мен оларды дайындау міндетін де қойып отыр. Әлемде сапалы адами ресурстарға нағыз күрес жүріп жатыр. Тек қолынан іс келетін мамандарды дайындайтын ел ғана әлемде алдыңғы қатардан көрінеді.
Сенат төрағасы жиында ядролық қарусыздану мәселесіне де тоқталды. Бұл тұрғыда Қазақстанның әлем алдындағы беделі жоғары. Еліміз атом энергетикасын дамыту мен ядролық зерттеулер жүргізуде зор мүмкіндіктерге ие мемлекеттер қатарында.
Шығыс Қазақстан облысы бұл тұрғыда маңызды зерттеулер жүргізетін өңір саналады. Бүгінде Курчатов қаласында Ұлттық ядролық орталық пен ядролық технологиялар паркі нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Еліміз - атомды бейбіт мақсатта қолдану ісінде жаһан жұртына үлгі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Ел Президентінің жуырда Гаагада ядролық қауіпсіздік бойынша өткен жаһандық саммитте пікір білдіруі - Қазақстан атомды бейбіт мақсатта қолданатын ел позициясын ұстанатындығын тағы бір дәлелдеді. Сондықтан, еліміз әлемдік қауымдастық алдында зор беделге ие. Саммитте Қазақстан мен АҚШ президенттері арасында ядролық қауіпсіздікті нығайту мен ядролық қаруды таратпау және бұрынғы Семей сынақ полигоны территориясы мен оның инфрақұрылымын оңалту жөнінде арнайы мәлімдеме қабылданды. АҚШ президенті ядролық қарусыздану ісінде Қазақстан Президентінің өлшеусіз үлесін бағалап, біздің ел барлық мемлекеттерге бұл бағытта үлгі болатындығын атап өтті.
Сенат төрағасы жастармен болған кездесу соңында Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінде білім алып жүрген бірқатар үздік студентті марапаттады.
Олардың дені - шетелдің үздік оқу ордаларында тәжірибеден өтіп, Қазақстан атын беделді білім сайыстарында асқақтатқандар.
Ержан ЖАҚЫП