Осы аптада Женевада Парламентаралық Одақтың 130-шы Ассамблеясы өтті. Қазақстан бұл халықаралық ұйымға 21 жылдан бері мүше.
Жиында Қазақстан Президентінің тұрақты әрі қауіпсіз әлем құру жолындағы бастамалары кеңінен сөз болды. Сондай-ақ, Парламентаралық Одақ жұмысындағы қазақстандық Парламент өкілдерінің жұмысы жоғары бағаланды.
Бұл жолғы жиынға 150 елден 1500 парламент өкілі жиналды. Биылғы басқосудың басты ерекшелігі - Парламентаралық Одақтың құрылғанына 125 жыл толып отыр. Сондықтан, негізгі күн тәртібі өткенге қорытынды жасап, болашақтың бағдарын түзуге арналды.
Хуан Эрнандес, Еуропа кеңесінің хатшысы:
Парламентаралық Одақ құрылған сәттен бастап, өте тиімді үнқатысу алаңы екенін көрсетіп келеді. Біздің басты мақсатымыз - демократияны дамытуға, парламенттер арқылы халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ету. Осы маңызды жұмысқа сіздердің Президенттеріңіз, жалпы Қазақстан мемлекеті зор үлес қосып келеді.
G-global жобасы, ядролық қарусыздану, Қазақстан қоғамындағы толеранттылық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрақтылық пен қауіпсіздік жолындағы осы қадамдарын халықаралық парламентшілер жоғары бағалап отыр.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Осы Ассамблеяға қатысып отырған парламент өкілдері біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көптеген бастамаларына ерекше назар аударды. Соның ішінде, бүгінгі күні әсіресе, G-global жобасының орны да ерекше, маңызы да өте зор болып отыр. Осының барлығы біздің Президентіміздің халықаралық бастамалары қазіргі заманға сай екенінің тағы бір нақты дәлелі.
Жиынға қатысушылар Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесіне ерекше қызығушылық танытты. Бұл Орталық Азия елдерінің замануи технологиялары мен жетістіктерін жария етуге мол мүмкіндік береді деп санайды.
Аксел Фишер, Бундестаг депутаты (Германия):
Сіздердің елдеріңіз демократияны одан әрі дамыту, әлем алдында өз ұстанымын бекіту жолына түсті. Көпұлтты қоғам үшін сіздердің тәжірибелеріңіз өте қызықты.
Парламентаралық Одақтың 130-шы Ассамблеясы аясында Нұрлан Нығматулин пәкістандық әріптестерімен, Швейцария парламентінің қос палатасы өкілдерімен кездесті.
Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мәселесін талқылады.
Шынар АСАНҚЫЗЫ