Жапония үкіметі қазақстандық медицина мекемелеріне грант бөлді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жапония үкіметі қазақстандық медицина мекемелеріне грант бөлді

17.03.2014
Жапония үкіметі қазақстандық медицина мекемелеріне грант бөлді

Жапония үкіметі қазақстандық үш медициналық мекемеге қымбат әрі қажетті құрылғыларын сатып алуы үшін 300 мың доллар көлемінде грант бөлді. Бұл Жапонияның «Шөп тамыры» атты бағдарламасы аясында жүзеге асып отыр.

 
Қайтарымсыз қаржыға ие болғандар негізінен аудандық деңгейдегі аурухана мен емханалар. Жапонияның бұл бағдарламасы Қазақстанда 1997 жылы іске асқан.
 
Ол үкіметтік емес ұйымдарды, жергілікті атқару органдары мен алғашқы медициналық көмек мекемелерін қолдауға бағытталған.
 
Бағдарлама іске қосылғалы бері Қазақстан бойынша 67 жобаға 5 миллион доллардан астам қаржылай көмек көрсетілді.
 
Камохара Масаёси, ҚР Жапонияның Төтенше және өкілетті Елшісі:
Бұл көмек қазақстандық медицинаға сүбелі үлес қосады және аталған жобалар екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді, деп сенеміз. Жәрдемдесу тек біржақты ғана емес. 2011 жылы Қазақ елі де Жапонияға көмек қолын созды. Шығыс Жапонияда болған ірі жер сілкінісінен кейін Қазақстан халқы зілзаладан зардап шеккендерге үлкен көмек берді. Бүгінгі жәрдем гранттары сол күннің қайтарымы деп есептесек те болады.
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу