Еуразиялық интеграция мәселесіне арналған радиокөпір өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуразиялық интеграция мәселесіне арналған радиокөпір өтті

14.03.2014
Еуразиялық интеграция мәселесіне арналған радиокөпір өтті

Елбасының Еуразиялық идеясына  - 20 жыл. Сонау 1994 жылы Ресейдің Мәскеу Мемлекеттік университетінде Қазақстан Президенті көпшілік назарына болашаққа бағытталған, бірақ уақытынан озық бастама ұсынған еді.

Қазірде сол ұсыныс өзінің өміршеңдігін дәлелдеп, Қазақстан-Ресей-Беларусь арасында тең дәрежелі достық қалыптасты. Бүгін Қазақстан мен Ресейдің сарапшылары радиоэфирде тілдесіп, қазақ басшысы бастамасының нәтижесін талқылады.
 
Әсем Изатқызы, тілші:
Интеграцияның иірімдерін талқылаған басқосу бір сағатқа созылды. Қазақ радиосының эфирінде өрбіген талқылауға қазақстандық тараптан қос қатысушы болды. Олар ресейлік әріптестеріне келер жылы құрылатын Еуразиялық одақ туралы орамды ойларын жеткізді. Айтуларынша, Еуразиялық идея - өткеннің емес, болашақтың бағыты. Егер Еуразиялық одақ құрылса, шетел нарығы қолжетімді болады. Ал бастысы, қарапайым адамдар үшін әлеуметтік жеңілдіктерді теңдей алуға мүмкіндік туады. Яғни, кез келген қазақстандық Мәскеуге барса, Ресей азаматтарымен бірдей медициналық көмек ала алады. Бірақ, осы жолда атқарар шаруа да шаш етектен, деді біздің тарап. Әуелі экономикалық келісімдерге басқа саланың мүдделерін тықпалай бермеу керек. Яғни, әлеуметтік мәселелерді одақтың құжатына араластырмаған абзал екенін айтты. Демек, одақ тек экономикалық болуы тиіс.
 
Хусаин Хасенұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қазақстандықтар, ресейліктер экономикалық бірігу мәселесін түсінеді, қолдайды. Елбасы айтқандай, экономикалық жағдайларды тез арада жөнге келтіру қажет. Сол себепті біз осы мәселеге көңіл бөлдік.
 
Радиокөпір барысында Мәскеу тарапынан да бірқатар күрмеулі мәселелер айтылды.
 
Мәскеу қаласындағы радиокөпірге Еуразиялық экономикалық қауымдастық институтының директоры Владимир Лепехин мен Север-Юг саясаттану орталығы директорының орынбасары Юлия Якушева қатысты.
 
Сарапшылар осыдан 20 жыл бұрын Мемлекет басшысы ұсынған Еуразиялық интеграция идеясының қазір сәтті іске асып жатқанын айтты. Сонымен қатар, олардың айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ құрылса, одан барлық елдер ұтады, әр елдің экономикалық көрсеткіші артады.
 
Владимир Лепехин, ЕурАзЭҚ институтының директоры:
Ең бастысы, одақ құрамындағы елдер үшін түрлі кедергілер азаяды. Макроэкономикалық көрсеткіштер жақсарып, экспорт пен импорттық құрылым өзгереді. Әрине, әрбір елдің өзінің мүддесі бар және даму деңгейі де әртүрлі. Сондықтан, тараптар ортақ ұстанымға келіп, бір-бірінің кем-кетігін толтыруы тиіс. Оның үстіне өзара бірлескен елдердің ғана тұрақты дамитынын тарихтың өзі көрсетіп отыр.
 
Сарапшылар сонымен қатар, Еуразиялық интеграцияға кедергі келтіріп тұрған жайттарға да тоқталды. Мәселен, олардың айтуынша, халыққа интеграцияның тиімділігі туралы ақпарат аз жетіп жатыр.
 
Сонымен бірге, болашақта Еуразиялық одаққа мүше болуы мүмкін  Қырғыз Республикасы мен Арменияның экономикасы басқа елдерге қарағанда төмен. Алайда, кемшіліктерді жоюға болады. Себебі, аймақтағы елдер үшін Еуразиялық интеграция - ең дұрыс жол.
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу