Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрі Франс Тиммермансты қабылдады. Кездесуде тараптар елдер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара ықпалдастықты кеңейту жәйін сөз етті.
Елбасы Нидерланд - Қазақстан экономикасына ірі инвестиция салушы әрі Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық серіктес, біз екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға мүдделіміз, деді. Талқы көрген тағы бір мәселе ядролық қауіпсіздікке қатысты. Жаһандық мәселеге келгенде Қазақстан әсте қарап қалмайды. Тіпті, әлемде алғашқы болып, осы зұлматтан бас тартқан да біздің ел.
Сондықтан, әлемдік саясаттағы жүгі ауыр мәселені терең талқылайтын жаһандық жиынға Қазақстан Президенті шақырту алды.
Франс Тиммерманс, Нидерланд Корольдігінің Сыртқы істер министрі:
Қазақстан Президентіне Ұлы мәртебелі Нидерланд Королі атынан ядролық қауіпсіздік Саммитіне шақыру қағазын тапсырдым. Әлемде ядролық қарудың қасіретін түсінген ел болса, ол - қазақ елі. Семейде жасалған сынақтың өзі қаншама қайғы-қасірет көрсетті халыққа. Сондықтан, осы зұлым қарумен күресу жөнінде халықаралық жүйе құруымыз керек. Кездесуде әлем халқын алаңдатқан осындай өзекті мәселер айтылды.
Нидерланд Сыртқы істер министрі Франс Тиммермансты Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев та қабылдады. Кездесуде экономикалық және ғылыми-техникалық бағытта екі жақты ынтымақтастық аясы кеңігені сөз болды. Мәртебелі қонақ Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына кіру стратегиясына жоғары баға берді. Нидерланд ауыл шаруашылығы және балама энергетика салаларында тәжірибе алмасу арқылы бұл жобаға қатысуға ниет білдірді.
Бибігүл ҒАДІЛБЕКҚЫЗЫ