Кедендік одақ пен 2015 жылы құрылуы тиіс Еуразиялық одақтың жұмысын заңнамалық тұрғыда қолдау үшін, Қазақстан мен Ресей, парламентаралық байланыстарды жандандыруы керек.
Бұл туралы Мәскеу қаласында өткен Парламент Мәжілісі мен Мемлекеттік Дума арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Палатааралық парламенттік комиссияның кезекті 9-шы отырысында айтылды.
Ресей астанасына Мәжілістің бір топ депутатын төменгі палата төрағасының орынбасары Сергей Дьяченко бастап барды. Жиын барысында тараптар екі елдің әріптестігіне қатысты 10-ға тарта мәселені талқыға салды.
Олар: агроөнеркәсіп кешені, білім, ғылым, сауда-саттық пен өнеркәсіп және мәдени-гуманитарлық салаларға қатысты. Сонымен қатар, қос мемлекеттің депутаттары есірткі, адам саудасы және терроризм сынды қауіп-қатермен де бірлесіп күресу тұрғысында пікір алмасты.
Cергей Дьяченко, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
Қазақстан мен Ресейдің арасында сауда-саттық саласында да, мәдени-гуманитарлық бағытта да қарым-қатынас жақсы дамып келеді. Біз сонымен қатар, енді парламентаралық дипломатияға да баса мән беруіміз керек. Бүгінгі кездесу нәтижелі өтті деп ойлаймын.
Людмила Швецова, РФ Мемлекеттік Дума төрағасының орынбасары:
Екіжақты байланыстарды нығайту үшін мұндай отырыстардың маңызы зор. Әсіресе, Еуразиялық интеграциялық процестердің қарқынды дамуына байланысты, заңнамалық базаны жетілдіру ісі ерекше маңызға ие болып отыр. Бүгінгі кездесуде біз парламентаралық байланыстарды бекітіп, арнайы жұмыс тобын құруға келістік.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ