Ел аумағындағы ең үлкен жылыжай Түркістан облысында салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел аумағындағы ең үлкен жылыжай Түркістан облысында салынады

11.06.2019

Оның жалпы аумағы 500 гектар болмақ. Алып кешенді соғуға ресейлік инвесторлар қызығушылық танытқан. Агроөнеркәсіпң құрылысына 1,2 миллиард доллар жұмсағалы отыр. Егіс үшін Келес ауданы аумағы таңдап алынды.

Жылыжайдың алғашқы 50 гектары келер жылы іске қосылады. Кешеннің аумағы 5 жылдың ішінде 500 гектарға ұлғаяды. Негізінен қызанақ пен қияр өсіріледі. Жылына 200 мың тонна өнім жиналады. Көкөніс ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталмақ.

Инвесторлар жылыжай құрылысы үшін әдейі Келес ауданы аумағын таңдап отыр. Өйткені, аймақ - Оңтүстіктегі ең ыстық нүкте. Оның үстіне, егістікке іргедегі өзен суын да пайдалануға болады.

Александр Рудаков, жоба жетекшісі:

Жылыжай шыныдан соғылады. Голландиялық мұндай технология шығынды азайтады. Шыны полиэтиленге қарағанда күн сәулесін жақсы өткізеді. Кешен толықтай іске кіріскенде, 10 мың жұмыс орны ашылады. Жылыжайда негізенен жергілікті тұрғындар жұмыс істейтін болады. Олар бастапқыда Ресейде агрономиялық білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтайды.

Жылыжайды суару үшін жылына 7 миллион текше метр су қажет. Сондай-ақ, сағатына 100 текше метр газ, тәулігіне 40 мгвт жарық тұтынады. Қазір сол маңнан «Қызыл әскер» подстанциясы салынып жатыр. Оның құрылысы келер жылы аяқталады. Магистарльді газ құбыры іргеден өткен.

Таяу жылдары елімізді Өзбекстанмен жалғайтын «Сарыағаш-Абай» үлкен айналма жолының құрылысы басталады. Бұл транспорттық логистика мәселесін оңтайлы шешеді.

Жалпы Түркістан облысында халықты жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы саласына озық технологияларды ендіру мақсатында 480 жоба жүзеге асуда. Жылыжай кешені солардың ішіндегі ең ірісі.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

480 жобаның 137 жобасы іске қосылды. Сол жобалардың ішіндегі бір бағыты жылыжай көлемін арттыру. Солардың ішінде жылыжайға бағытталған 24 жоба бар.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 935 гектар жылыжай бар. Оның көлемі биыл тағы 75 гектарға ұлғаймақ. Былтыр өңір шаруалары 500 миллиард теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндірген болса, табыстың бестен бірі жылыжай шаруашылығынан түскен.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу