Түркістаннан елордаға азық-түлік керуені жөнелтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістаннан елордаға азық-түлік керуені жөнелтілді

30.05.2019

Биылғы егістен алғашқы өнімін жиып алған Түркістан облысының диқандары Нұр-Сұлтан қаласына азық-түлік керуенін жөнелтті. Керуен қоржынында ерте піскен жеміс-жидек, бақша өнімдері, жұмыртқа, балық, кептірілген жеміс және төрт түліктің еті - барлығы 365 тонна ауыл шаруашылығы өнімі бар.

Сондай-ақ, оңтүстіктің брендіне айналған күркетауық еті мен қымыран да Астана жұртшылығы дастарханының сәнін келтірмек. Одан бөлек, өңір кәсіпорындары 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай бүлдіршіндерге айырықша тарту жасамақ. Олар сол күні өздері шығарған балмұздақ пен сүттен әзірленген тәттілерді тегін үлестіру үшін жолға шықты.

Керуендегі өнімдер елордада маусымның 1-і мен 2-сі күндері өтетін Түркістан облысы диқандарының жәрмеңкесінде базар бағасынан анағұрлым арзанға сатылады. Жәрмеңкеге 80-ге тарта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жалпы соммасы 116 миллион теңге болатын өнімдері саудаға шығарылмақ.

Нұрбек Бадырақов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Көктемгі дала жұмыстары өткен жылмен салыстырғанда 1 апта мерзімге ерте басталды. Соның нәтижесінде Түркістан облысында 250 мың тонна көкөніс, 28 мың тонна картоп, жалпы 1,5 мың тоннаға жуық жеміс-жидек өнімдері пісіп, Нұр-Сұлтан қаласы мен Солтүстік облыстанға жөнелтілді. Осы өнімдерді әрі қарай өткізу рыноктарын айқындау мақсатында осындай жәрмеңке Нұр-Сұлтан қаласында 5 рет жоспарланып отыр.

Ғани ҚАЛМАХАН

Хабарламаларға жазылу