Шымкентте небәрі жарты сағат төпелеп жауған нөсер жұртты әбден әбігерге салды. Арық-атыздарға сыймай көшелермен лықси аққан топан судан сай-сала мен жолдар өзенге айналды. Табиғат апатынан шаһарда электр жарығы сөндіріліп, көлік қозғалысы тоқтады.
Жер үйлердің аулалары мен бау-бақша көлкіген судың ортасында қалды. Мұндағы тұрғындардың айтуынша, аулаға кірген судың деңгейі жарты метрге жуықтап қалған. Нөсер жауыннан ірі сауда орталығы мен «Нұрсәт» тұрғын үй алабындағы бірнеше көпқабатты үйдің де тұрғындары зардап шеккен. Ғимараттардың шатыранан су ағып, жұрт бала-шағасы мен пәтеріндегі жасау-жиһазын қайда апарарын білмей дал болды. Ең сорақысы, жұрттың жанайқайына жергілікті билік ешқандай құлақ аспаған.
Жалпы, табиғат апатынан келген шығын көлемі әлі белгісіз. Шымкент қаласы әкімдігіне ақпарат құралдары сан мәрте ресми сұрау салғанымен, төтенше жағдайға байланысты әзірге ешқандай мәлімет бермей отыр.
Динара Шопанова, қала тұрғыны:
- Бірден басталғанда қайда жүгіретінімді білмей қалдым. Заттарды қымбатқа алған едім. Жаңбырдың қатты жауғанынан болды ғой.
Ғани ҚАЛМАХАН