Түркістан шаһарынан күн сайын Өзбекстанның Самарқанд қаласына дейін тікелей автобус қатынайтын болды. Тарихи екі шаһардың арасы - 600 шақырым. Кедендік рәсімдеуді қоса есептегенде жолға 12 сағат уақыт кетеді. Түркістаннан шыққан автобус Шымкент қаласында жарты сағат аялдап, одан әрі Гүлістан, Жызақ арқылы Самарқандқа барады.
Екі ел арасындағы көлік қатынасының жандануы туристер ағынының артуына, жаңа туристік бағыттарды қалыптастыруға және ынтымақтастықтың нығаюына сеп болмақ. Сондай-ақ, Түркістанның Өзбекстанмен сауда-экономикалық байланысын жақсарта түспек. Алдағы уақытта Бұқара шаһарына қарай да жолаушылар автобусының бағытын ашу көзделіп отыр.
Асан Жұмабаев, Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары облыстық басқармасының бөлім басшысы:
- Бағасы - 4 мың теңге. Ал, Шымкенттен 3 мың теңге. Қазіргі уақытта күнделікті 1 автобус шығады. Жолаушылар ағыны көбейсе, автобустарды да көбейтуге мүмкіндік бар.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ