Шардара қаласы келер жылдан бастап табиғи газдың игілігін көреді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шардара қаласы келер жылдан бастап табиғи газдың игілігін көреді

22.11.2018

Қазір шаһардың іргесіне дейін 39 шақырым магистральді құбыр тартылып, газ тарату станциясының құрылысы жүруде. Оны салуға қазынадан 2 миллиард теңге қаржы бөлінген. Іргетасы жарты ғасыр бұрын қаланған шаһарда сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Бүгінгі таңда 80 пәтерлі бірнеше көпқабатты үйдің қабырғасы қаланып жатыр. 

Мерейтой күні шаһарда екі бірдей балабақша ашылды. Бұған дейін мұндағы жұрттың дені бала тәрбиесімен өздері айналысатын немесе күнұзақ жұмыста жүретін отбасылар балаларын қаланың екінші бөлігіндегі тәрбие ошақтарына апаруға мәжбүр еді. Енді олар «перзентіміз жаңа балабақшада  тағылымды өнеге, өрелі тәлім алатын болды», деп қуанып отыр.

Тамара Ермахан, Шардара қаласының тұрғыны:

Бұл жерде жақсы достар тапты. Балалар ашыла бастады.  

Тәңірберген Ағманұлы Шардара қаласының іргетасын қалаған ардагер құрылысшы. Өткен ғасырдың ортасында Қызылқұм атырабын иегру үшін  алдымен су электр станциясы мен су қоймасы салынды. Осындай екпінді құрылыстың нәтижесінде сайын далада 5 миллард 700 млн. текше метр су жиналатын жасанды теңіз пайда болды.  Ал, су электр станциясы бүгінде 120 мегаватт қуат өндіретін алып өндіріске айналды.

Тәңірберді Ағманұлы, ардагер құрылысшы:

Халық достығының арқасында ынтымақпен, күн-түн демей үш ауысымда жұмыс істедік. Соның арқасында  су электр станциясы бітті.  75 мың гектар суармалы жер пайдаға берілді. Канал, көпір, жолдар салынды. Соның арқасында аудан құрылды.

Шардарада былтырдан бері тозығы жеткен үйлер жаңартылып, шаһардың сәулетіне сән қосып жатыр. Әбден ескіріп, сәулеті сұрықсызданып кеткен 6 көпқабатты баспананың кем-кетігі жөнделіп, инженерлік  жүйелері қалпына келтірілді. Қала тұрғындарының енді көгілдір отын пайдаланып, өркениет игілігін көретін күні де алыс емес.

Ережеп Бекет, Шардара қаласының әкімі:

2019 жылдың басынан бастап Шардара қаласына газ құбыры жүргізіле бастайды. 2020 жылдан бастап газ келетін болады.

Шаһар келешекте туризмнің ордасына айналғалы тұр. Саяхат орны үшін су қоймасы жағалауынан  255 гектар жер бөлінді. Бұл маңға қонақ үй, яхт клуб, мейрамхана мен аквапарк, аңшылар мен балықшылар үй секілді 60-тан астам нысан салынады.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ   

Хабарламаларға жазылу