Түркістан облысының Арыс қаласында жолаушыларды тасымалдау саласында дау туындады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының Арыс қаласында жолаушыларды тасымалдау саласында дау туындады

08.11.2018

Бұл қызметпен айналысуға заңды лизенциясы бар кәсіп иелері ешқандай салық төлемей, көлеңкелі жолмен ақша табатындардан мемлекет те, өздері де зардап шегіп отырғанын айтып шағымданды. «Оған қоса, өз беттерімен жұмыс істейтіндер жолаушыларының қауіпсіздігін де ойламайды», - дейді. Сондай-ақ, бұл саладағы жағдайды реттеуге қала билігі мен құзырлы орындар ештеңе істемей отырғанын алға тартты.

Таңертеңнен іңір қараңғысына дейін тұрақта осындай тартыс. Ара-тұра бәсекелес екі жақ жолаушы үшін жаға жыртысып, төбелесіп те алады. Жолаушыны жабайыдай жұлмалап, есінен таныдарады. 

Нұрлан Жетпісов, көлік жүргізушісі:

- Айқай-шу, одан қалса баға түсіп кетеді. Қасымызға тұрып алып, адам тартып жатыр. Заңсыз ғой. Біздікі заңды. Куәлік бар, тендерден алынған.

Заңдық негізде Арыс қаласынан Шымкентке жолаушылар тасымалдау ісімен бір компания айналысады. Екі ортаға күнделікті қатынайтын 50-60 шағын автобусы бар. Соншама жүргізуші осы кәсіппен тұрақты табыс тауып, қазынаға табыс түсіріп отыр. 

Гүлсім Әжібаева, жолаушы тасымалдау компаниясының директоры:

- Айлық төлеп жатырмыз, зейнетақы қорына төлейміз, экология үшін мемлекетке қаншама қаражат түсіріп жатырмыз. Солай бола тұра, қолдау жоқ. «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына да жаздым. Бірақ, көмек көрсетілмейді.

Ал, өзгенің ісіне киліккен жүргізушілердің ешбірінің қолында жолаушылар тасымалдауға рұқсат беретін бірде-бір құажат жоқ. Солай бола тұрса да, олар ешкімнен айылын жимайды. Тіпті, полицияны да сес көрмейді.

Тап осы жолды қарсы бетіне автокөліктің тоқтауына болмайды деген жол белгісі қойылған. Соған қарамастан, таксистер бұл жерді автотұрақ етіп алған. Тіпті, бұл жерде бейнебақылау қондырғысы да бар. Соған қарамастан, полиция олармен күресте дәрменсіздік танытып отыр.

Ал, қала әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі әзірге көлеңкелі кәсіппен күресудің қағаз жүзінде жоспарын түзумен шектеліп отыр.

Берік Байтеміров, Арыс қаласы әкімдігінің сектор меңгерушісі:

- Қазір ең көп шоғырланатын базар маңы болып отыр. Ол араға да іс-шара жоспарын түзіп қойғанбыз. Жылдың соңына дейін жоспарды орындаймыз.

Құзырлы орындардың бірлескен тексерістері кезінде жыл басынан бері небәрі 49 азамат заңсыз тасымал үшін әкімшілік жазаға тартылған. Оның 32-і Арыстан Шымкентке бағыт алып бара жатқан кезінде ұсталған. Алайда, айппұлдың өзі оңай олжаны көздегендердің айылын жидыра алатын емес.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу