Түркістан облысында суармалы егістік жер көлемі ұлғайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында суармалы егістік жер көлемі ұлғайды

11.10.2018

Түркістан облысы Мақтарал және Жетісай аудандарында биыл 3 бірдей каналдың 38 шақырым жері жөнделіп, арнасы бетондалды. Сонымен бірге, 252 шақырым су жүйесі тазартылды. Соның арқасында шаруалар жаз бойына ағын судан тапшылық көрмеді. Су жеткілікті болғандықтан, диқандар біраз жерлерге екі рет егін егіп, мол өнім жиып алды.

Фазылбек Жарқынбек биыл 10 гектар жерге шит септі. Жылдағыдай емес, су жеткілікті болғандықтан, мақта жылдам әрі жақсы пісіп-жетілді. Толықтай көсек байлаған алқаптың мақтасы қазір тұтас ашылып тұр. 

Фазылбек Жарқынбек, шаруа:

- Мақта 2-3 мәрте суарылады. Суды уақытылы жеткізгеннің арқасында биыл 2-3 есе жақсы өнім алғалы отырмыз. Мемлекеттен қаржы бөлінді. 

Ал, мына шаруашылық болса, егістік жерінен екінші рет өнім алғалы отыр. Ерте егілген қырыққабатты сәуір айында жиып алып, оның орнына мақта отырғызды. Енді бірер аптада оны да жиып алуға кіріспек. Ағын су жеткілікті әрі уақытылы келіп тұрғандықтан, шаруашылық қарамағындағы 170 гектар алқапты түгел игерді.

Нұрман Дәуренбек, шаруа:

- Соның есебінен 100 гектарға бақша ектік. Одан гектарына 15-20 тонна өнім алып жатырмыз. Жүзімнен де гектарына 20-25 тонна алдық. Бұрын бір рет суаратын едік. Қазір 2-3 рет суарамыз. Соның есебінен жүзімнің де өнімділігі көтеріліп жатыр.

Жетісай мен Мақтаралда 22 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Олар биыл 1 млрд. 900 млн. текше метр су пайдаланды. Бұл бұрынғы жылдардан 1,5-2 есеге көп. Мелиорациялық кешенді жұмыстардың арқасында аймақтағы 30 мың гектар суармалы жердің құнары артты. Сондай-ақ, кезінде ағын судың жеткіліксіздігінен егіске жарамай қалған тағы 5 мың гектар жер қайта игерілді.

Шадат Омаров, «Оңтүстіксушар» РМК аймақтық бөлімше басшысы:

- Сонымен қатар, ауданда 300 тік дренаж бар. Олардың барлығы жұмыс істеп, 6 ауыл әкімшілігінің  аумағында уақытылы жерасты суының деңгейі төмен түсірілді. Жердің құнарын арттыруға ол да қолайлы жағдай туғызды.

Жалпы, Мақтарал мен Жетісай ауданында 2 мың шақырымнан астам су жүйесі бар. Жерасты суының деңгейін төмендету үшін қойылған 731 дренаж жұмыс істейді. Жыл соңына дейін тағы 51 каналдың 214 шақырым жері жөнделмек. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу