«Ақ алтынның» тоннасы 170 мың теңгеден 180 мың теңгеге жоғарылады. Ала жаздай машақатпен өсірген мақтасын діттеген бағасына сата алмай келген шаруалар үшін бұл үлкен қуаныш. Биыл өңір диқандары 130 мың гектар жерге шит сепкен болатын.
Алдын ала жасалған болжам бойынша 300 мың тонна мақта талшығын жинап алу көзделіп отыр. Шаруалар осыған дейін Мақтарал және Жетісай аудандарындағы мақта зауыттары өзара ымыраласып, бағаны әдейі төмендетіп отыр деп наразылық танытты. Осыған байланысты жергілікті билік өкілдері мақта зауыттары қожайындармен арнайы кездесу өткізіп, келісім жасады. Сондай-ақ, мақтаға қазынадан субсидия беру мәселесін де ойластырып жатыр.
Нұрбек Бадырақов, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдігінің қолдауымен мақтаның 1 тоннасына 12 мың теңге субсидия бөлу көзделіп отыр. Бүгінгі таңда қоғамдық кеңеске және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына келісімге жолданды. Мақұлданған соң шаруаларға тоннасы 192 мың теңгеден айналатын болады.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.