Сарыағаштағы стадион талапқа мүлде сай емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыағаштағы стадион талапқа мүлде сай емес

21.09.2018

Түркістан облысы Сарыағаш қаласындағы орталық стадионның әлі күнге аты бар да, заты жоқ. Қазынаның қыруар қаржысына салынған спорт алаңындағы жүгіру жолағы талапқа мүлдем сай келмейді. Ал ойынды тамашалауға баратын көрермен жазда шыжыған күннің, ал күн суыса жаңбыр мен қардың астында отыруға мәжбүр.

Сарыағаштағы орталық стадион осыдан 7 жыл бұрын салынған. Алаңның құрылысы әу бастан кемшілікпен басталды. Салып алғаннан кейін барып, оның  аумағының  стандартқа сай келмейтіні белгілі болды. Футбол алаңының ені мен ұзындығын қайта ұзартуға тура келді. Сөйтіп жүргенде спортшылардың шешініп-киінетін, комментаторға арналған екі қабатты ғимараты ортада қалып қойды. Қос қапталдағы көрермендер орындығын қалқалап қалды. Қазір оң жақтағы отырғандар сол қақпаны, сол жақтағылар оң қақпаны көре алмайды.  

Болат Омаров, спорт ардагері, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы:

- Жаңбыр болмаса жүгіреміз. Ал, сәл жауын болса, қызыл-сары жер лай болып сенің арқаңнан жүгіреді.

Спортқа құмар азаматтар осылай жанашырлық танытып жатқанымен  стадионның жайы атқарушы билікті ойландырған емес. Құрғақ уәдемен уақыт оздырып келеді.

Нұржан Ахментаев,  Спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы:

- Біздің тарапымыздан ауданның даму жоспарына  сәйкес 2019 жылға трибуналардың үстін жабу бойынша жоспарға қойдық. Жөндеуге енгіздік. Сол бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Сәулеті келіспеген орталық стадионға доп қуалап келетіндер сирек. Спортты серік еткен жұрт қалтасынан қаржы төлесе де жекенің меншігіндегі алаңдарда ойын көрсеткенді жөн көреді. Осылайша, мемлекет қаржысына тұрғызылған атшаптырым стадион бұқаралық спорттың дамуына тұсау болып тұр. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу