Германия, Голландия, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттерінің туристік операторлары үшін Шымкент қаласы мен Түркістан облысындағы тарихи сәулеттік орындарға арнайы саяхат ұйымдастырылды. Ақпараттық турдың таныстырылымы кезінде қонақтарға өңірдің туристік әлеуеті, бұл саланы дамыту бойынша қолға алынып жатқан жобалар жайы айтылды. Бүгінде Оңтүстікте 84 тарихи-мәдени орын туристік бағытқа еніп отыр. Олардың ішінде «Ұлы Жібек жолы» бойында орналасқан Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Отырар, Бөржар қорымдары секілді тарихи орындар бар. Төрт күнге созылатын шара барысында шетелдіктер туризмнің үш бағыты бойынша өңірмен жете танысатын болады.
Жанни Хулсман, туристік агенттік өкілі:
- Біздің елдегі саяхатшылар Еуропадағы ертеден келе жатқан туристік бағыттардан жалықты деуге болады. Сондықтан, біз үшін бұған дейін бізге беймәлім болып келген сіздердегі мәдениет пен дәстүр ерекше қызық. Әсіресе, «Жібек жолы» көптеген еуропалықтар үшін әлі күнге құпиялы, тылсым тарихқа толы орын саналады. Осы сапарымызда біз осындай туристік орындардың жай-күйіне қаныққымыз келеді.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.