Мәскеу қаласында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеу қаласында Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

18.09.2018

Шара барысында қос елдің бизнесмендері қай салада бірлесіп жұмыс істеуге болатынын талқылап, өзара сауда-саттықты арттыру үшін бірқатар келіссөздер жүргізді. Бұл басқосуды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстанның сыртқы сауда Палатасы және Мәскеу қаласының бизнес қауымдастық өкілдері бірлесіп өткізді.

Қазақстан – ТМД елдерінің ішінде Ресейдің ең ірі екінші сауда серіктесі. Қос мемлекеттің байланыстары соңғы жылдары барлық салада барынша берік дамып келеді. Алайда, бұл өзара алыс-беріс пен барыс-келістің потенциалы толықтай түгесілді деген сөз емес. Тараптар, әсіресе, шағын және орта бизнес саласындағы әріптестіктің мүмкіндігі кең екенін жақсы түсініп отыр. Сондықтан, Мәскеу қаласында бас қосқан Қазақстан мен Ресейдің бизнес қауымдастық  өкілдері еліміздің инвестициялық мүмкіндігін таныстырып, өзара әріптестікті арттыру жайын талқылады. Бұл басқосуда әсіресе, азық-түлік, химия өнеркәсібі және электротехникалық қондырғылардың саудасын арттыру жайы кеңінен сөз болды.

Бауыржан Сартбаев, ҚР-ның РФ-дағы сауда өкілі:

- Мақсатымыз - қазақстандық азық-түлік өндірушілерін Ресей мемлекетіндегі үлкен дүкендер желісінің өкілдерімен кездестіріп, таныстыру. Мәселен, бүгін осы кездесу кезінде бірқатар қазақстандық және ресейлік компаниялар келісімшарттарға қол қойды. Осындай кездесулердің арқасында Қазақстанның экспорттық потенциалын арттыруға болады деп ойлаймын.

Александр Колыванов, «Деловая Россия» Бүкілресейлік қоғамдық ұйымы бас кеңесінің мүшесі:

- Мен жақында Қазақстанға барып, бау-бақшамен айналысатын шаруалармен кездестім. Сіздерде соңғы жылдары жылыжай кешендері қарқынды дамып келеді. Сондықтан, менің ойымша, біз жеміс-жидек саудасын арттыруымыз керек. Сонымен қатар, туризм саласында бірлесіп қолға алатын жобалар жеткілікті. Қазақ елінің табиғаты көрікті жерлерін көргісі келетін ресейліктердің саны жылдан-жылға көбейіп келеді.

Мәскеу қаласы шамамен ай сайын 12 миллион тоннаның азық-түлігін тұтынады. Сондықтан, қазақ кәсіпкерлері осынау үлкен нарыққа кірсе, өзінің өнімін көп мөлшерде және жақсы бағаға сата алады. Сол себепті, бүгін Мәскеу қаласына келген отандық бизнесмендер өздерінің ресейлік әріптестерімен бетпе-бет отырып, кездесіп, нақты келіссөздер жүргізді. Соның нәтижесі бойынша бірқатар келісімдер бекіді. Жалпы, мұндай форматтағы кездесулер Ресейде соңғы жылдары тұрақты түрде өтіп келеді. Мұндай әрбір кездесуге келген сайын қазақ кәсіпкерлері өздеріне жаңа әріптес, жаңа серіктес табады.

 

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу