Басты Жаңалықтар Ел жаңалықтарына шолу

Ел жаңалықтарына шолу

Биыл 24,3 млн тонна астық жиналды

Биыл елімізде 24,3 млн тонна астық жиналды. Бұл соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Ресми дерекке сай, биыл жиналған астықтың көлемі ғана емес, сапасы да жақсы. Элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың шамамен 72%-ы орта сападан жоғары. Сондай-ақ еліміз биыл 16 млн тонна астық пен ұн экспорттады.

Ұшақта Wi-Fi іске қосылды

Отандық ұшақ бортында жоғары жылдамдықты Wi-Fi іске қосылды. Бұл туралы жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады. Жоғары жылдамдықты спутниктік интернеттің игілігін бірінші болып, «Алматы – Ташкент» бағыты бойынша ұшқан ұшақ жолаушылары көрді. Әзірге интернет тегін.

Талғат Орынбасар – қола жүлдегер

Дзюдодан Әбу-Дабиде өтіп жатқан Grand Slam турнирінде 21 жастағы Талғат Орынбасар Олимпиада чемпионы Елдос Сметовті жеңіп, қола жүлдегер атанды. Талғат Орынбасар – Астанада өткен Grand Slam турнирінің екі дүркін күміс жүлдегері, сондай-ақ биылғы маусымда Тбилиси кезеңінің қола жүлдесін иеленген еді.

Сирек сілеусін фототұзаққа түсті

Ертіс орманында сілеусін фототұзаққа түсіп қалды. Бұл жыртқыш өте сақ келеді. Ептілігімен қатар жасырын тіршілік етуімен ерекшеленеді. Қалың орман арасында дыбыссыз қозғалатын бұл аңды табиғатта кездестіру сирек құбылыс болып саналады.

Бөлісу