Президент Жолдауы ел дамуына сеп болатын стратегиялық бағдар
Президент Жолдауы Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде де талқыланды. Басқосуға саясаткерлер, халықаралық сарапшылар, журналистер мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар стратегиялық құжаттың негізгі бағыттарын талқылап, Қазақстанның алдағы даму перспективаларына қатысты пікір алмасты.
Инвестиция, технология, сапалы мемлекеттік басқару және әлеуметтік саясат бір-бірімен ұштасқанда ғана елдің ұзақ мерзімді даму әлеуеті артады. Сарапшылардың назарын аударған басты мәселенің бірі – Жолдаудың әлеуметтік бағыты. Олардың пікірінше, құжатта экономикалық өсім мен инвестиция тарту мәселелерімен қатар, қарапайым азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға ерекше мән берілген.
Алексей Власов, сарапшы:
Жолдаудың басты ерекшелігі – экономиканы дамыту міндеттері мен халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелерінің қатар қарастырылуы. Өйткені мемлекеттің экономикалық өсімі ең алдымен азаматтардың тұрмыс сапасынан көрініс табуы тиіс. Жалпы ішкі өнімнің артуы, инвестиция көлемінің өсуі маңызды, алайда бұл көрсеткіштер қарапайым халықтың өміріне нақты әсер етуі керек.Қазақстан басшылығының осы мәселеге ерекше назар аударуы маңызды деп санаймын.
Жолдаудың тағы бір ерекшелігі – қоғамдағы өзекті мәселелер мен нақты сын-қатерлердің ашық айтылуы. Сарапшылар мұны мемлекеттік саясаттың қоғамдық сұраныспен тығыз байланыста болуының белгісі деп санайды. Яғни билік тек болашаққа арналған жоспарларды жариялап қана қоймай, бүгінгі мәселелерді шешудің жолдарын да айқындауы тиіс.
Антон Рыбаков, РФ Президентінің стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық жқніндегі басқармасы бастығының орынбасары:
Қазақстанда қабылданған жаңа Конституция мен саяси реформалар елдің дамуында жаңа кезеңге жол ашты. Жарты жылдан астам уақыт ішінде мемлекет маңызды институционалдық өзгерістерді жүзеге асырды. Президенттің биылғы Жолдауы осы жаңғыру үдерісінің жалғасы деп санаймын. Онда Қазақстанның алдағы дамуына бағытталған ауқымды міндеттер қойылды. Ендігі басты мақсат – осы реформаларды тиімді жүзеге асырып, мемлекет пен қоғамның бірлескен жұмысы арқылы нақты нәтижелерге қол жеткізу.
Қазақстанның мемлекеттік егемендікті нығайта отырып, халықаралық экономикалық байланыстарға белсенді араласуы да назардан тыс қалған жоқ. Сарапшылардың пайымынша, ұлттық мүддені сақтай отырып, шетелдік инвестиция мен озық технологияларды тарту елдің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Жолдау елдің бүгінгі даму міндеттерін айқындап қана қоймай, Қазақстанның болашақтағы өркендеуіне жол ашатын стратегиялық бағдар ретінде бағаланып отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы