Басты Жаңалықтар Ауғанстан фермерлері көкнәрді қайта өсіре бастады

Ауғанстан фермерлері көкнәрді қайта өсіре бастады

Бір кездері ауған тәліптері көкнәр алқаптарын түгелдей жойған еді. Алайда жергілікті фермерлер жан бағу бұл шаруашылықты қайта қолға ала бастады. Біріккен Ұлттар ұйымының дерегінше, Ауғанстан апиын сатудан биыл жүздеген миллион доллар пайда тапқан. Тақырыпты Арыстан Рысбек жалғастырады.

Мұхаммед Дәуіт Ауғанстанның солтүстігіндегі қышлақтардың бірінде тұрады. Үйінің қабырғасы мен еденінде жұпыны кілемдер. Айтуынша мұның бәрі - бір жинаған көкнәрдің бүкіл әулетті  жыл бойы асыраған тоқ заманнан естелік қана.  Қазір 28 жастағы Мұхаммед жан бағамын деп күні бойы мақта теріп, егін алқаптарында жүреді. Бірақ баяғы табыс жоқ.

Мұхаммед Дәуіт, фермер:

Көкнәр еккен кезімізде күніне шамамен 5000–6000 ауғани табатын едік. Ал қазір жағдайымыз айтарлықтай нашарлады. Мақта егіп, бір жылда бар-жоғы 3150 ауғани ғана таптым.

Бір кездері Ауғанстан әлемдегі апиынның 80 пайызын экспорттады. Сол шикізат морфин, героин тәрізді есірткі түрлерін өндіруге қолданылды. Төрт жыл бұрын «Талибан» бұл шаруашылықпен күресті күшейткені сонша, ауған даласынан көкнәр тіпті жоғалып кетті деуге болады. Бірақ қазір тәліптер қаулысы күшін жоғалта бастағандай. Біріккен Ұлттар ұйымының дерегінше, мұнда көкнәр алқаптарының жалпы көлемі былтырдан бері екі есеге ұлғайып, 43 мың 300 гектарға жеткен. Неліктен?

Поллеак Ок Серей, БҰҰ есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының Ауғанстандағы өкілі:

Халықаралық озық тәжірибелерге сүйенсек, мұндай алқаптарды жою жұмыстарын баламалы табыс көздерін дамытуға бірнеше жыл бойы инвестиция салғаннан кейін ғана бастау қажет. Ал Ауғанстанда олай болмады. Сондықтан жергілікті фермерлерде қайтадан көкнәр егуден басқа амал қалмай отыр.

Біріккен Ұлттар ұйымының өзге бір мәліметінше, биылдың өзінде Ауғанстан апиын сатудан 525 миллион доллар пайда тапқан. Алайда тәліптер көкнәр алқаптарының нақты көлемі соншалықты үлкен емес дейді.

Халықаралық сарапшылардың есебінше, шетелдік көмектің азаюы, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен сатудың тиімсіздігі салдарынан ауған фермерлерінің күнкөрісі мейлінше нашарлап кеткен. Ал 34 провинцияның 10-да жеткілікті тамақтанбайтын балалар қатары сын көтермейтін жағдайға жетіп отыр.

Бөлісу