Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музей қоры құнды жәдігерлермен толықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музей қоры құнды жәдігерлермен толықты

27.07.2018

Жезқазған қаласындағы тарихи-археологиялық музей қоры тағы 300-ге жуық құнды жәдігермен толықты. «Тарихта өз атыңды қалдыр» деп аталатын шара аясында тұрғындар қолда бар дүниелерін мұражайға тапсырып жатыр. Көпшілігі этнографиялық, нумизматикалық, палеонтологиялық және тұрмыстық жәдігерлер. Мәселен, жергілікті тұрғынның бірі Степлаг тұтқындарының жазған хаттарын тапсырған. Ал, тарихшы Бақтияр Қожахметов болса, бір ғасыр бұрын жасалған келі мен келсапты сыйға тартыпты.

Тағы бір құнды жәдігер – екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, маршал Жуков орденінің иегері Ашықбай Тубаев ақсақалдың соғыста киген саптама етігі. Ғалымдардың зерттеуінше, ол шамамен 19-шы ғасырдың соңында жасалған. Музей директорының айтуынша, тапсырылған дүниелердің ішіндегі ең бағалысы – 19-шы ғасырдың орта шенінде басылған Фирдоусидің «Шахнаме» кітабының түпнұсқасы. Оны мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов тапсырған. Парсы, түркі-шағатай тілдерінде жазылған кітапты оқитын адамдар қазір өте сирек екен.  

Раушан Қаппарова, Жезқазған тарихи-археологиялық мұражайының директоры:

- Бұл өте құнды кітап. Енді бұны біз негізі оқыттық. Ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Алматы мешітінің қызметкері Әбдіқаһар қариге оқыттық. Бұның өте құнды екенін айтты, музейдің экспозициясына қою үшін өте қажетті жәдігер деп есептейміз.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу