Басты Жаңалықтар БҚО жолдарының 40%-ы талапқа сай емес

БҚО жолдарының 40%-ы талапқа сай емес

«Бізге сапалы жол керек». Президент жолдауда жол салуды реформалауға айрықша мән берді. Батыс Қазақстан облысында жергілікті жолдардың 40%-ы талапқа сай келмейді. Облыс орталығының өзінде 83 көшеде асфальт жоқ. Ал салынып жатқан тасжолдарда 400-ден астам кем-кетік тіркелген. Сарапшылар бір жолды жыл сайын жамағанша, сапалы етіп салудың тың тәсілін қолдану керек дейді. Әріптесім Ардақ Мұратқызы тақырыпты зерделеп көрді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Бұл – жыл сайын жамалатын Жәңгір хан көшесі. Былтыр ой-шұңқыры бітелген, яғни «ямочный ремонт» жасалған жердің биыл тағы тасталқаны шығып жатыр. Жолды бұлай жөндеу – ақшаны желге ұшырумен тең. Жылда бұл іске млн-даған қаржы бөлінеді.

Президент жол мәселесін шешуді әбден созбалаңға салып, тығырыққа тіреген жауаптыларды сынға алды.  Көше жолдарының бұлайша жамап-жасқалуын тұрғындар да құп көрмейді.

Жолдың сапасыз салынғаны өз алдына, қала орталығында мүлдем асфальты жоқ көшелер бар. Пионер көшесінің тұрғындарына қатқыл табанды жол арман болып тұр.

Бақыт Ыбыраева, қала тұрғыны:

Әкімдікке барғанда айтады, асфальт сіздерге жасалды дейді. Ол жасалғаны 90 метр жер бар. Соны Пионерскийге асфальт салдық деп айтатын сияқты.

Есекен Жұмағалиев, қала тұрғыны:

Жаңбыр жауса, 30-40 водовоз су шығарады. Артығымен тіпті. Кілең су жиналатын жер. Көшең балшық деп біреуі де келмейді. Не таксиің, не жедел жәрдем. Мына жерден өте алмайды.

Аймақта 5 мың шақырымға жуық облыстық, аудандық маңыздағы жолдардың тек 60%-ы талапқа сай келеді. Жөнделген жолдардың өзінде кем-кетігі көп.

Нұртілек Хасенов, «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығы» РМК облыстық филиалының директоры:

Жаңадан салынған жолдарда 400-ден аса жол ақауы анықталды. Атап айтқанда, жол бетінің үгітілуі, геометриялық параметрлердің келмеуі, қалыңдығының сәйкес келмеуі сияқты. Облысымыз республика деңгейінде жергілікті жолдардың жағдайы бойынша соңғы орында тұр. Мысалы, аудандық жолдардың 40%-ы әлі топырақ жолдар. Яғни ол жерде ешқашан асфальт жабындысы болмаған. Сондықтан да бұл үлкен жұмысты, қомақты қаражаттың бөлінуін талап етеді.

Енді Президент тапсырмасына сәйкес жергілікті жолдарды да Көлік министрлігі қадағалайды. Жолдаудағы тапсырмаларды орындау үшін Үкіметтік комиссия мен жұмыс тобы құрылды.

Нұрлан Сәдір, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

Қазір салып жатқан жолдардың көбі сол кеңес кезіндегі стандартты қолданады. Нормативтерге қайтадан талдау жасап, бұрынғы артта қалған, қазіргі заманға сай келмейтін талаптарды қайта қарау керек деп ойлаймын. Жолды салғаннан кейін себебін анықтап, сапасыз салған кісі болса, ол шығынға батуы керек. Жауапкершілік арқалауы керек. Сондай-ақ сапасыз жолды қабылдаған орган, лауазымды тұлға да жауапкершілік арқалауы керек деп ойлаймын.

Ал сөз басында айтылған Пионер көшесінің мәселесіне қатыста жауапты сала маманы былай дейді.

Асылжан Жакин, Орал қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Пионерская көшесіне қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамамыз жоқ. Қазір 83 көшеде асфальт жабындысы жоқ. Сол себептен ескі асфальт қалдықтарымен уақытша жағдай жасап беру жұмысы жүргізіліп жатыр.

Енді жол салуда ескірген норматив талаптары өзгертіледі. Ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін ақпараттық жүйенің жұмысы реттеледі. Жамап-жасқау мүлдем тоқтатылып, жолдың сапасы басты бақылауда болады. Ал өңір жолдары «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында қалпына келтіріледі деген сенім бар.

Бөлісу