Жұрт пойызға билет таппай қиналуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жұрт пойызға билет таппай қиналуда

26.07.2018

Жаз болса, жұрт пойызға билет таппай қиналады. Дәл қазір Қызылордада дәл осындай проблема. Басқа қала түгіл жақын аудандарға жету мүмкін емес. Ушығып тұрған мәселеге орай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінен арнайы құрылған топ  теміржол вокзалында мониторинг жүргізді. Бірқатар келеңсіздікті әшкереледі.

Жанат Сақтағанова дәл қазір не істерін білмей дал. Семейге жол жүруі керек. Бірақ, билет жоқ.

Жанат Сақтағанова, қала тұрғыны:

- Семейге бүгінге, ертеңге билет жоқ. 30-ына дейді. Енді баратын жерге бара алмай тұрмыз. Өткенде Астанаға дейін де билет болмай автобуспен бардық. Қызым жерге жатып барды. Жылда осындай проблема. Былтыр қызымды операцияға апаратын кезде таныс арқылы алдым.

Гүлжанат Шалабаева, қала тұрғыны:

- Аралға барайық деп едік. Билет жоқ. Бүгін де Аралға дейін билет жоқ деді. Автобустарда да билет жоқ, пойызда да билет жоқ.

Вокзалда  билет іздеп, сапырылысып жүрген адам көп. Тек Семей мен Аралға емес, Алматы мен  Астанаға да билет табылмайды. Бірақ, діттеген жерге билетсіз-ақ жеткізетін «пысықайлар» бар. Мониторингтік топ мүшелері оны «жасырын сатып алушы» тәсілімен әшкереледі.

Болат Нұрқожаев, мониторингтік топ мүшесі:

- Вокзалда екі-үш жігіт жүреді. Солар билетсіз ашықтан-ашық «Алматыға, Аралға, Қызылордаға жететіндерің бар ма, осындай вагонмен сөйлестіремін, алып кетеді, орын тауып береді», - дейді. Ол қалай болып жатыр? Ол орындар неге бос келе жатыр? Әрине, ол кісілер вагон бригадирлерімен сөйлесіп, мынадай адамды алып кет дейді. Бұл жүйеге қойылған нәрсе.

Билет жоқ, бірақ, орын бар. Сондықтан, жолсеріктер де жолаушыны «былайынша-ақ» алып кетуге қарсы емес.

Мониторингтік топ осындай сан алуан келеңсіздіктерді әшкерелеп, құзырлы орындарға жолдады.

Ал, «Қазақстан Теміржолы» компаниясының өкілі билет тапшылығы маусымдық мәселе дейді. Сондықтан, жыл сайын жаз мезгілінде қосымша вагондар тіркеледі. 

Әбубәкір Смайылов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ менеджері:

- Жаз басталғалы біз Қазақстанның әртүрлі бағыттары бойынша 8 қосымша пойыз шығардық. Маусым айында 1375 вагон қосымша тіркелді, осы шілде айында мың жарым вагон тіркелді. Яғни, тәулігіне 60 қосымша вагон тіркеп отырмыз. Біздің қазір техникалық паркте бірде-бір вагон жоқ, бәрі айналыста жүр. 

Ал, билет сататын кассалардың дені жеке. Олардың жұмысына ешкім араласа алмайды. Сондықтан, тұрғындардың онлайн билет алғанын жөн санайды. Бірақ, көз қысты, бармақ бастылыққа жол берген жолсеріктер жазаланады. Екі айда 30-дан астам жолсерік жұмыстан шығарылса, 50 қызметкер тәртіптік жазаға тартылған.    

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу