Несие ала алмаған ауыл тұрғындары шағымдана алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Несие ала алмаған ауыл тұрғындары шағымдана алады

26.07.2018

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры бойынша биыл 45 млрд. теңгеге жуық қаражатты игеру жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау Қорының» басқарма төрағасы Жандар Омаров мәлімдеді. Оның сөзінше, биыл елімізде ауылдағы кәсіпкерлікті қолдау бойынша жаңадан басталған «Еңбек» бағдарламасы аясында 27,2 миллиард теңгені игеру көзделіп отыр. Жыл басынан бері жауапты мекемелер бұл қаражаттың 10 миллиард теңгесін өтініш білдіргендерге беріп үлгерген. Қазірдің өзінде несие алушылардың саны - 3 мыңға жуықтады. Жалпы, биылға бөлінген қаражат былтырғымен салыстырғанда біршама көп. Мәселен, 2017 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 17 миллиард теңге бөлінген. Айта кетейік, өтініштерді қабылдау үздіксіз жүруде. Егер ауыл тұрғындарының өтінімдері дұрыс қаралмай кешігіп жатса, онда шағымдануларына толық мүмкіндіктері бар.  

Жандар Омаров, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы:

- Әрбір түскен өтінім міндетті түрде тіркеледі. 15 күн ішінде жауап беруіміз керек.

 

Ғабит ҰЗАҚБАЙ

Хабарламаларға жазылу