Түркістан облысындағы Шойтөбе ауылының тұрғындары ауызсудан тарығып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысындағы Шойтөбе ауылының тұрғындары ауызсудан тарығып отыр

26.07.2018

Түркістан облысындағы Шойтөбе ауылының тұрғындары әлі күнге шөлде қалған ауылдың кейпінде тіршілік кешіп келеді. 40-тан астам отбасы ауызсуды алыстан тасып ішеді. Оның өзі тұзды, кермек су.  Ең сорақысы, ауылға су жүйесі тартылып, құрылысы аяқталғанымен жұрт әлі игілігін көре алатын емес.

Түркістанның түбінде тұрған Шойтөбе ауыл болғалы ауызсуға жарыған емес. Тұрғындар өздері қазып алған құдық суымен өзегін жалғап келеді. Әр жұтымының өзі ауыр бейнетпен келгендіктен, мұндағы жұрт суды мейілінше үнемдеп тұтынуға мәжбүр. 

Шәмшия Серікбаева, ауыл тұрғыны:

- Суымыз жарамсыз. Кермек дәмі бар. Шоғырланып қалады. Кір жусақ, ақтаңдақ боп оңайлықпен кетпейді. Көпірмейді де.

Судың тұздылығы соншалық мұнда сырқаттан аман, дерттен ада адамды табудың өзі қиын.

Оразалы Мұсабеков, ауыл тұрғыны:

- Қырық жыл ащы су ішсең, бүйрегің түгіл өзің де кетесің. Денсаулық, бүйрек кетті. Оған кім жауап беретінін қайдам? Енді бүйрек сатып алуға ақшамыз жетпейді.

Шойтөбеге жаңадан тартылған ауызсу жүйесінің құрылысы біткелі біраз болды. Ол үшін былтыр қазынадан 159 миллион теңге бөлінді. Жер астынан ұңғыма қазылып, су тарату мұнарасы тұрғызылды. Көшелерге құбыр тартылды. Алайда, онымен жұрттың арман еткен тұщы суы келетін емес.

Сүлеймен Мұсабеков, ауыл тұрғыны:

- Мамыр айында береміз деген еді. Одан бері 2 ай өтті. Суды тасып ішеміз. Электр болмаса, адам да, мал да су іше алмай қалады.

Құрылыс жұмысы кестеге сай өткен айдың ішінде біткен. Ауызсу жүйесін жүргізуге тапсырыс берген мекеме нысанды тексеріп, қабылдап алған.

Асан Әбутәліп, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Жеке абоненттер өздерінің үйлеріне, көшеге келіп тұрған су жүйесін ішке тартуы керек. Қазір сол жұмысты ұйымдастыру жүріп жатыр. Ішкі жүйе бітсе, осы бір аптаның көлемінде Шойтөбеге су береміз.

Шойтөбедегі су жүйесі «Түркістансу» мемлекеттік мекемесінің меншігіне берілді. Есептегіштерді орнату, суды қосу және оны тарату ісімен қазір осы мекеме айналысып жатыр. 

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу