Түркістан облысында мақта жаңа тәсілмен егіліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында мақта жаңа тәсілмен егіліп жатыр

10.07.2018

Түркістан облысындағы Шардара ауданында биыл мақтаны тиімді әрі жаңашыл тәсілмен еккен диқандардың қатары көбейді. Өйткені, былтыр тәжірибе ретінде еккен мақталықтың әр гектарынан олар 55-56 центнерден өнім алған. Бұл қалыпты егістен 2 есе жоғары болып отыр.

Мақта тұқымы бұрынғыдай ашық алқаптарға емес, полиэтиленмен қапталған арықтарға себілген. Бұл, жердің ылғалын сақтайды әрі топырақты тез қыздырады. Соның арқасында мақта жылдам өсіп жетіледі. Әрі өнімділік те екі есеге дейін артады.

Шаруашылық биыл 300 гектар жерге осындай тәсілмен мақта екті. Қазір желегі жайқалып, гүл ашқалы тұр. Өзгелерден тағы бір артықшылығы, мұнда тұқым себуден бастап, жиын-терім жұмыстарының барлығы дерлік техниканың күшімен атқарылады. Егіс тұтастай тамшылатып суарылады. Ол үшін бірнеше жерден арнайы тоғандар істелген. Тыңайтқыштар мен зиянекестерге қарсы дәрілер осы жерде араластырылып, егістікке сумен бірге жіберіледі. 

Базарбай Ахметов, агроном:

- 50 пайыз адам күшін азайттық. Суға қарайды, болды. Бұрынғыдай кетпен ұстап, шөп шаппайды.

Қазір осындай табысты тың тәсілді бірнеше шаруашылық  қолданып отыр. Өйткені, Шардарада суармалы егіс көлемі аз. Егіске жарамды жердің аумағы 59 мың гектар. Енді игерусіз жатқан немесе жайылым ретінде ғана пайдаланылып келген жерлерді суландыру үшін іргедегі су қоймасы мен Сырдария өзеніне қуатты су сорғылар орнатылмақ. Соның арқасында Жаушықұм жазығындағы 12 мың гектардан астам жерге шаруалардың егін егіп, табыс табуына мүмкіндік туады.

Болатбек Қыстауов, Шардара ауданының әкімі:

- Биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемін 30 млрд-қа жоспарлап отырсақ, осы Жаушықұмдағы 12162 гектардан 11 млрд. теңгеге, яғни, 583 мың тонна өнім өндіріледі. Соның нәтижесінде 5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Үкіметтің қолдауы арқасында жүзеге асқалы отырған бұл жұмысқа қазынадан 13 миллиард 600 миллион теңге жұмсалмақ. Жобаның экономикалық техникалық негіздемесіне қатысты құжаттар әзірленіп қойған.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу