Мақтаарал ауданында балабақша мен оңалту орталығы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мақтаарал ауданында балабақша мен оңалту орталығы ашылды

05.07.2018

Айбарлы Астананың мерейлі мерекесінде Түркістан облысы Мақтаарал ауданының бүлдіршіндері айырықша қуанышқа бөленді. Аймақта 90 балаға лайықталған балабақша ашылды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндердің денсаулығын жақсартуға арналған оңалту орталығының тұсауы кесіліп, алғашқы 25 бала арнайы мамандардың ем шарасын қабылдауды бастады.  

Оңалту орталығына алғаш келгендердің бірі Әлихан. Алты жасар бүлдіршін гидроцефалия дертімен туылған. Анасының қарауында болып, үйінен ұзап шықпаған баланың қазір көпшілік ортаға бойы үйрене бастады.

Гүлжан Оңғарова, Әлиханның анасы:

- Осы жаққа келгелі бері жетілуі, дамуы жақсы болып жатыр. Жаттауын жаттап, тіл кемістігінен арылып, күнде орталыққа  келемін деп талпынады.

Орталықта мүмкіндігі шектеулі балалардың  қимыл-қозғалысы мен  ой-өресін дамытуға барынша жағдай жасалған. Спорттық жаттығу, массаж бөлмесі мен түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Жалпы, ауданда 1 800-ден астам мүгедек бала бар. Бұл - олардың денсаулығын оңалту үшін ашылған аймақтағы төртінші орталық.

Әділхан Әбжанов, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

- Психолог, логопед, дефектолог сынды мамандарымыз бар. Олар белгіленген бағдарлама бойынша жұмыс істейді.

Жұмыстан қол үзгісі келмейтін Мақталы ауылының тұрғындары да бұрынғыдай баламды қайда апарамын деп бас қатырмайтын болды. Сәулетіне көркі сай ғимаратта бала тәрбиесіне қажетті барлық мүмкіндік бар. Жатын бөлмесі, асхана, дәрігерлік пункт, ойын алаңдары да талапқа сай. Балабақшадағы алғашқы сабақтар елорданың мерейлі мерекесіне арналды.

Жәния Мұхтархан, балабақша тәрбиеленушісі:

- Ардақты Астана!

Мәртебелі бас қала.

Көркейе бер күн сайын,

Алға қарай бас қадам!

Сабина Қошқарова, балабақша тәрбиеленушісі:

- Алтын күннің астында,

 Желбірейді Туымыз.

Қазақ дейтін халықтың,

 Ұлы менен қызымыз.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік облыстағы халық саны ең көп Мақтаарал ауданында балабақша мәселесін оңтайлы шешуге негіз болды. Бүгінде аймақта 294 тәрбие ошағы жұмыс істейді. Соның арқасында аудандағы мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндердің  94 пайызы балабақшада тағылымды өнеге, өрелі тәлім алып жүр.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу