Түркістан облысының диқандары 70 мың тонна қарбыз экспорттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының диқандары 70 мың тонна қарбыз экспорттады

28.06.2018

Түркістан облысы Мақтарал ауданының диқандары шетелге 70 мың тоннадан астам қарбыз экспорттады. Бақша өнімі негізінен Ресей, Беларусь пен Латвияға жөнелтілуде. Былтыр түстіктегі диқандар 7,6 миллиард теңгеге өнім сатқан болатын. Биыл табыс одан да көп болмақ. Өйткені, бақша өнімдері 4 мың гектарға артық егіліп отыр.

Мына шаруашылық биыл 5 гектардан астам жерге қарбыз екті. Көктемде күн райы шаруаға жайсыз болғанымен, өнім жаман емес. Ерте піскен қарбыздың келісін 60 теңгеден сатып, әжептәуір табыс тапты.

Шоқан Шалабаев, шаруа:

- Тәтті, жолға шыдамды. Өнімді жақсы береді. Гектарына 30-35 тонна. Екінші өнім де дайын болып қалды. Сол шамада өнім беріп жатыр.

Шекара асатын қауын-қарбыздар осындай арнайы қағаз қораптарға салынады. Бақшадан үзіп әкелінген өнімнің әрбірі алдымен мұқият сұрыпталады. Қарбыздардың пішіні біркелкі болуы керек. Ең бастысы, соғылып, бүлінбеген болуы тиіс.

Азат Айдаров, шаруа:

- Тиімділігі қорабында. Үнемді барады. Сапасы да жақсы барады. Әрі қалай артылса, солай барады.

Еліміздің өзге өңірлерінен және шет елдерден келген сауда орындарының өкілдері қарбызды егіс алқабының басынан өздері алып кетіп жатыр. Оларға ыңғайлы болуы үшін енді күре жолдың бойынан көлік логистикалық орталығы жасақталмақ. Мұнда көлік жүргізушілерінің бірнеше күн аялдауына, өнімді тиеуге, сақтауға қолайлы жағдай жасалады.

Асан Маханбетов, аудан әкімінің орынбасары:

- Логистикалық орталыққа жер бөлінген. Инфрақұрылымының бәрі істеледі. Сол жерге қоймалар салынады. Мұздатқыш камералар орнатылады.

Биыл мақтаралдық диқандар 27 мың гектар жерге бақша өнімін екті. Оның ішінде 19 мың гектары қауын. Былтыр олар жалпы көлемі 610 мың тонна өнім жинаған болатын. Биыл одан 20-24 мың тонна қауын-қарбыз көп сатылмақ.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу