Қызылжарда  Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш қойылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылжарда  Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш қойылды

25.06.2018

Қызылжарда Алаштың арқалы ақыны Мағжан Жұмабаевқа ескерткіш қойылды. Облыс орталығынан орын тепкен қола мүсінді біртуар тұлғаның 125 жылдығына орай туған-туыстары жасатқан. Ескерткіштің биіктігі - 2,7 метр. Авторы - еліміздің белгілі сәулетшісі Едіге Рахмадиев. Жиналғандар жаңа ашылған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Мәселен, биыл түркі әлемінде М.Жұмабаев жылы деп жарияланып, Түркияда тойланған Алаштың арда ұлының мерейтойы Франция, Өзбекстан мен Қырғыз елінде де атап өтілді. Кіндік қаны тамған туған жері Сарытомар ауылында ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ұлан-асыр той ұйымдастырылды.

Халықаралық жиынға АҚШ, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия елдерінен мағжантанушы ғалымдар мен ақындар жиналды. Бүгінде жыр алыбының өлеңдері әлемнің 11 тіліне аударылып, үлкен жинақта жарық көрді. Игі істі «ТҮРКІСОЙ» халықаралық ұйымы қолға алған.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті:

- Біз Халықаралық Түркі академиясы биылғы жылды Мағжан жылы деп жарияладық және ЮНЕСКО-да үлкен жиын өткіздік. Оған 20-дан астам түркі халықтарының өкілдері қатысып, Мағжан жырларын оқыды. Мағжанның өлеңдерін ағылшын тіліне аудардық. Әзірбайжан, түрік, қырғыз, өзбек және басқа да тілдерде жинақтар жарық көрді. Бүгін солардың өкілдері де келіп отыр. Бұл Мағжанның жалпы кең тынысты ақын екенін көрсетеді.

Хулия Касапоглы Ченчел, Гази университеті Түріктану институтының директоры, (Түркия):

- Мағжан Жұмабаев пен қазақ әдебиеті Түркияда түркі тілдері әдебиеті бөлімдерінде оқытылады.

Самат САПАРАЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу