Біз былтыр қақаған қыста ескі моншада босанғалы отырған көпбалалы ана Гүлбану Ысқақованың ауыр жағдайы туралы ақпарат бергенбіз. Арада көп уақыт өтпей босанған батыр ана шиттей бала-шағасымен сол тар бөлмені қыстауға мәжбүр болған еді. Ұлттық арнаның тілшілері бұл отбасының мүшкіл жағдайын жергілікті әкімдікке айтып, көпшілікке жеткізді. Енді міне, бір жылға жетпей Әбдиевтер әулеті жер алды. Біздің тілшінің көмегімен батыр анаға тегін медициналық көмек көрсетілді. Үміт оты жанып, үйінің іргетасы қаланды. Көптің көмегіне мұқтаж отбасының мәселесін әрдайым назарда ұстап жүрген тілшіміз Нұрлан Асқарұлының материалы.
Былтыр батыр ана осы моншада алты баласын адам төзгісіз жағдайда бағып-қағып отырғандығын айтқанбыз. Жетінші сәбиін перзентханадан шығара салып, осында тұруға мәжбүр болған. Себебі, бұдан басқа амалы жоқ еді.
Буыны қатпаған балалары тұмауратып ауырғанда анасы жанын қоярға жер таппай, қиналатын. Сондықтан, соларға қараймын, деп батыр ана өз денсаулығына да мән бермеген. Оларды бүгін Корей елінен келген білікті дәрігер медициналық тексеруден өткізіп, қайырымдылық ретінде тегін емдеді.
Пак Джон Сын, медициналық орталықтың бас дәрігері:
- Батыр ана босанғаннан кейін күтінбеген. Ауыр көтергеннен омыртқасына, беліне салмақ түскен. Балаларының жағдайы да мәз емес. Сондықтан, біз бұл кісіні емдеуге, балаларына көмектесуге дайынбыз.
Көп түкірсе көл деген. Міне, бүгін Әбдиевтер әулетінің үйінің іргетасы қаланып жатыр. Көпшіліктің көмегімен іске асып жатқан шаруаға көпбалалы отбасының балалары қуанып жүр. Өйткені, олар осы уақытқа дейін өзіміздің үйіміз болса екен деп армандаған. Балалардың арманы орындалатын күн алыс емес сияқты.
Әбдиевтердің мәселесін естіген қайырымды жандар қолдарынан келген көмектерін аямады. Себебі, қоғам олардың әлеуметтік жағдайына бей-жай қарай алмайтындығын көрсетті.
Жасұлан Олжабай, компания өкілі:
- Осы жанұяның жағдайын естігеннен кейін біздің компания қол ұшын берді.
Үйдің беріктігі іргетасынан. Тағдырдың тауқыметін тартқан, тұрмысы төмен отбасы қысқа ерте қамданып кетті. Өйткені, кісі есігін күзетудің не екендігін пәтер жалдап күнелткен олар жақсы біледі. Сондықтан, қалай да үйді тез арада көтеріп, күзге дейін кірмекші.
Гүлбану Ысқақова, батыр ана:
- Қазіргі заманда ақшаң болмаса жер алу да қиын. Бір адамның табысы жетпейді. «Qazaqstan» телеарнасына, бәріне рахмет, алғысым шексіз. Әйтеуір, баспанамыз болса, қара су мен қара нан жеп отырсақ та баспаналы болдық.
Батыр ананың ендігі тілегі - балаларын баспанасы салынып біткенше, ауру-сырқаудан аман жеткізу. Біз де ел демографиясына үлес қосып жүрген отбасының жағдайын назарда ұстаймыз.
Нұрлан АСҚАРҰЛЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.