Басты Жаңалықтар Үкімет әкімдерге нақты міндет жүктеді

Үкімет әкімдерге нақты міндет жүктеді

Ақтау, Павлодар және Петропавл. Жылу сапасына қатысты шағым ең көп түскен үш қала осы. Бүгін бұл мәселені  Премьер-министр Олжас Бектеновтің өзі көтерді. Үкімет отырысына қатысқан әріптесім Самал Қабышевадан білейік. Самал, жауаптыларға қандай тапсырма берілді?

Самал Қабышева, тілші:

Премьер-министр жылуға қатысты шағымдарды созбалаңға салмай, жедел шешуді талап етті. Ақтау, Павлодар және Петропавл қалаларындағы жауапты штабтардың жұмысын күшейтіп, тұрғындардың әрбір арызын назардан тыс қалдырмауды тапсырды.

Басты талап - тұрғын үйлерге жылу үздіксіз әрі жеткілікті берілуі керек. Ал әкімдіктер көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермей, оның халыққа қолжетімді болуын бақылауы тиіс. Үкімет отырысында Премьер-министр қыс мезгіліндегі тағы бір өзекті мәселе - өрт қауіпсіздігіне де тоқталды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Жыл сайын жылу беру кезеңінде  өрт қаупі арта түседі. Тұрғындар пеш жағып, түрлі жылыту құралдарын пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлінбейді.  Төтенше жағдайлар министрлігіне өрт қауіпсіздігі саласындағы түсіндіру және профилактикалық шараларын күшейтуді тапсырамын. Демалыс және мереке күндері тұрғын үй секторында рейдтер жүргізіп,  үй-жайларды аралауы керек. 

Рейдтер қараша айының соңына дейін жүргізілуі керек. Бұған қоса, әлеуметтік осал топтағы отбасылардың үйлеріне өрт дабылы датчиктерін тегін орнату тапсырылған. Алайда Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Шымкентте бұл жұмыс тиісті деңгейде орындалмай отыр. Премьер-министр жергілікті биліктің салғырттығын сынға алды.

Самал, газбен жылытылатын үйлердің қауіпсіздігі қалай бақыланады?

Самал Қабышева, тілші:

Енді газбен жылытылатын әр үйде дабыл қондырғысы орнатылуы тиіс. Ал қазандықтар мен жылыту құрылғылары міндетті түрде сертификатталған болуы керек. Мамандар осы талаптардың сақталуын қатаң бақылауға міндетті. Яғни, басты талап  -  жылу беру ғана емес, тұрғындардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Премьер-министр жауапты органдардан осы жұмыстардың орындалуын талап етті.  Алла, бүгінгі Үкімет отырысында жүктелген тапсырмалар реті осындай.

Бөлісу