Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғысқан жылы қорытындыланды

Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғысқан жылы қорытындыланды

Қазақстан мен Қытай мәдениетінің тоғыспалы жылы Астанада қорытындыланды. 31 наурызда Бейжіңде шымылдығы түрілген игі бастама аясында қос елде 40-қа жуық мәдени іс-шара өтті. Олардың қатарында концерттер, халықаралық көрмелер мен мәдени мұраны дәріптейтін бірлескен жобалар бар. Бұл көршілес елдер арасындағы рухани байланысты нығайтып, дипломатиялық қатынасты одан әрі бекемдей түсті.

Бұл кеште қос елдің өнері, әні мен әуені бір сахнада үндесті. Көрермен қазақ және қытай халық әндерін, төл музыкасын ұйып тыңдады. Сахна төрінен Медет Шотабаев пен Рухия Байдүкенова бастаған отандық өнерпаздар, сондай-ақ Қытайдың Нинбо қаласынан келген ән және би театрының солистері Чжао Лу мен Сюй Юнцзя өнер көрсетті.

Арман Қырықбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Қазіргі кезде екі ел арасындағы қарым-қатынастар жаңа деңгейге көтеріліп, жан-жақты стратегиялық әріпестік бағытында дамып келеді.  Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен төраға Си Цзиньпиннің достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасы арқасында екіжақты ынтымақтастық мүлдем жаңа мазмұнға ие болды.

Жыл бойы қос елде түрлі мәдени шара өтті. Қытайдың Чжэцзян провинциясында Ұлы дала мұрасы дәріптелсе, Алматыда Шанхай музейінің жәдігерлері таныстырылды. Ал Бейжіңде Ұлттық домбыра, Абай күні мен Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылды. Қытай астанасында Қазақстанның мәдени орталығы жергілікті жұртқа еліміздің тарихын таныстырып келеді. Жыл соңына дейін елорда төрінде де көрші елдің мәдени орталығы ашылмақ.

Лю Вей, ансамбльдің көркемдік жетекшісі:

Бұл – менің Қазақстанға, Астанаға алғаш рет келуім. Сән-салтанаты келіскен зәулім театрға кіргенде қатты таңғалдым. Қазақстандық өнерпаздар бізге ерекше қамқорлық танытып, жан-жақты қолдау көрсетті. Бұл жердегі әріптестерімізден көп нәрсе үйреніп, мол тәжірибе жинадық. Достығымыз берік, келешегіміз жарқын деп ойлаймын.

Рухия Байдүкенова, әнші:

Қазақтың музыкасына, өнеріне қытай халқының лебізі жылы. Өте жоғары бағалайды. Көптеген халық әндеріміз өз тілдеріне аударылған. Жалпы, өнердің, мәдени шаралардың рөлі үлкен. Әр халық өз мәдениетін, тарихын сахнада ұсынады.

Екі ел арасындағы берік байланыстың тамыры терең. Соның бір дәлелі – Қытай халқы қадірлейтін көрнекті композитор Сянь Синхай мен қазақ сазгері Бақытжан Байқадамов арасындағы достық. Оны баяндайтын арнайы хореографиялық қойылым мен тарихи фотокөрме көрермен назарына ұсынылды. Осылайша жыл бойы жалғасқан мәдени байланыстар Астанадағы салтанатты кешпен түйінделді. Ал өнер арқылы жарасқан халықтар ынтымағы алда жаңа жобаларға ұласпақ.

О.Алпысбай, М.Нағашыбай

Бөлісу