Басты Жаңалықтар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайы

Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді. Бүгін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының оныншы құрылтайына қатысқан Президент қазақ тілінің болашағына алаңдауға негіз жоқ екенін айтты. Мемлекет басшысы ана тіліміздің келешегіне қатысты маңызды міндеттер жүктеді. Мәселен, қазақ тілінің емле ережелері қайта қаралып, орфографиялық сөздігі жаңартылады. Бұл жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Мемлекет басшысы мемлекеттік тілдің ғылым мен технологиядағы қолданысын кеңейту, ұлттық мұраны цифрландыру және қазақша контентті көбейту мәселелеріне де арнайы тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, биыл бірінші сыныпқа барған балалардың 71 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Ана тілінің бүгінгі жай-күйі қандай? Алда қандай міндеттер тұр?

1989 жыл. Қазақ тілінің тағдырына алаңдаған ұлт зиялылары Алматыда бас қосып, «Қазақ тілі» қоғамының негізі қаланды. Қазір бұл құрылым халықаралық мәртебеге ие. Х құрылтайға жер-жерден тіл жанашарылары арнайы жиналды. Алқалы басқосуға Мемлекет басшысы қатысып, тіл мерейі-ел мерейі екенін атап өтті. Ал тіл болашағына алаңдаған азаматтар үшін қазақ тілінің конституциялық мәртебесі тайға таңба басқандай жазылғанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес. Тіл – баршамызға ортақ құндылық. Тіл – Алланың құдіретінің арқасында адамдарға берілген үлкен сый әрі мүмкіндік. Тіл – адамзаттың негізгі жетістігі. Адам баласының ойдағыдай дамуының ең басты себебі де – тіл. Біз өркениетті ел ретінде ана тіліміз – қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін бір ел болып табанды жұмыс істеуіміз керек. Бүгінгі жиынның басты мақсат-міндеті де – осы.

Иә, жыл өткен сайын қазақ тілінің өрісі кеңейіп келеді. Биыл мектеп табалдырығын аттаған балалардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданды. Жоғары оқу орындарында да қазақ бөлімдері көбейген. Мемлекеттік тілді меңгеруге ниеттілердің қатары артып келеді. Қазақ тілі елді ұйыстыратын басты құрал.  Жиынға қатысушылар осындай пікірде.

Алла Платонова, Kazakh Talk қазақша сөйлеу клубының негізін қалаушы:

Біз қазақ жерінде туып-өскендіктен, осы жерде қызмет етіп жүргендіктен, мемлекетіміздің дамуына өз үлесімізді қосуымыз керек деп ойлаймын. Мұны мен қызыл сөзді құлпырту үшін айтып отырған жоқпын. Бұл менің азаматтық ұстанымым. Мен қайда жүрсем де, мемлекеттік тілдің дамуына өз үлесімді қосуға тырысып жүремін. Ахмет Байтұрсынұлы тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады деп бекер айтпаған. Шынымен де, егер біз мемлекеттік тіліміздің дамуына үлес қоспасақ, біз ұлт ретінде жойылып кетуіміз мүмкін. Мәселен, біз шетелге шыққанда сол елдің тілінде сөйлесеміз. Менің ойымша, Қазақстан да солай болу керек.

Тіл үйренуге ынта бар. Ендігі мәселе – оны меңгерудің тиімді жолын ұсыну. Президент жаңа әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеуді тапсырды. Ал қазақ тілін үйрететін авторлық жобалардың иесі Владислав Тен ынта болса бір жылда тілді толық меңгеріп шығуға болатынын айтады.

Владислав Тен, Қазақ тілін үйретуге арналған авторлық әдістемелер мен жобалардың авторы:

Біз көбіне сөздік қорын көбейтуге мән береміз. Бұл дұрыс емес. Біз қазақ тілінің грамматикасына мән беруіміз керек. Себебі адамдар қазақ тілін түсінбейді. Неге себебі грамматикасын түсінбейді. Ең маңызды фактор қазақты сүю керек.

Мемлекеттік тілдің түрлі саладағы қолданысы да сөз болды. Қорғаныс министрлігі Орталық ансамблінің солисі Эльдана Габерман әскери оқулықтар мен нұсқаулықтарды қазақ тілінде әзірлеуді ұсынды.

Эльдана Габерман, ҚР Қорғаныс министрлігі орталық ансамблінің солисі:

Барлығымыз бір ел болып, тіл - татулық тірегі дегендей, тіліміздің мәртебесін көтеріп, мықты ел болайық. Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, сарбаздардың рухын көтеріп, қазақ елі болып, тілдің татулығы болғанда үлкен бір жетістікке жетеміз деп ойлаймын.

Қазақша кітап пен киноға да сұраныс артқан. Былтыр жарық көрген алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы ана тілімізде басылды. Биыл отандық 71 фильмнің 63-і қазақ тілінде түсірілген. Әлемдік кино да қазақша сөйлеп жатыр. Соңғы үш жылда Disney, Pixar және Sony студияларының 13 туындысы ана тілімізде дыбысталды.

Шах-Мұрат Ордабаев, Театр және кино актері, дубляж режиссері:

Біз өзімізді дәлелдеп қойғанбыз. Музыкалық туындылар арқылы. Аты шулы Джеймс Кэмеронның «Аватарынан» кейін де, Дисней де, Пиксар компаниясының продюсерлері арасында қазақ тілі ресми тіл және жоғары деңгейде жасай алатынымызды әлдеқайда дәлелдеп қойғанбыз.

Қазақ тілінің емле ережелері жаңартылады

Дегенмен тілдегі бірізділік мәселесі әлі шешілген жоқ. Қазақ тілінің ресми орфографиялық сөздігі 1983 жылы бекітілген. Кейін бірнеше сөздік шықты. Бірақ олар мемлекеттік деңгейде бекітілмеген. Президент емле ережелерін қайта қарап, сөздіктерді жаңартуды тапсырды. Бұл жұмыс 2027 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Кейбір көрші мемлекеттерде мұндай ғылыми еңбектер бес жыл сайын жаңартылып отырады. Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет.

Анар Фазылжан, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры:

Тілімізге көптеп жаңа сөздер еніп жатыр. Өздеріңіз күнде оны қолданасыздар. Тіл деген тірі ағза сияқты ғой. Үнемі құбылып, өзгеріп тұрады. Сондықтан Президент өз сөзінде өте дұрыс айтты. Кемінде 5 жылда еліміздің емле сөздігі жаңарып, толығып, тастай бекіп отыруы керек деді.

Президент қазақ тіліндегі кейбір сөздердің орынсыз аударылуын сынға алды. Мәселен, «қылтима», «себезгі», «үнқағаз», «желкөз» сияқты жасанды сөздердің қажеттілігіне күмән келтірді. Сондай-ақ соңғы кезде дінге қатысты көне қазақ сөздерінің орнына араб сөздерін қолдану жиілегенін айтты. Мемлекет басшысы тілдегі мұндай мәселелерді кәсіби ғалымдар жан-жақты зерделеуі қажет екенін атап өтті. Тағы бір міндет - ұлттық мұраны цифрландыру. Кітаптар, көне басылымдар мен мұрағаттағы жазбалар электронды форматқа көшірілуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді. Бұған қоса, инженерия, медицина, құқық, экономика сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек.

Президент қазақ тілін әлемнің негізгі тілдерімен байланыстыратын жаңа сөздіктер әзірлеу қажеттігін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

Қазақ тілін Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі ресми тілдерімен жалғайтын сапалы екі тілді және көптілді сөздіктер әзірлейтін уақыт келді. Қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, сонымен қатар, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін жасау қажет. Қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңартқан жөн.

Мемлекет басшысы тілді қоғамдағы алауыздыққа себеп етпеуге шақырды. Қазақ тілінің дамуы өзге тілдердің қолданысына кедергі келтірмеуі тиіс. Президент мемлекеттік тілдің ел бірлігін нығайтудағы маңызын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: кез келген тілге қарсы шығу – Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен бірдей. Бір тілді басқа тілге қарсы қоюға болмайды. Бұл – үлкен күнә. Оның салдарын өз көзімізбен көріп жатырмыз. Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек.

Президент қазақ тілінің жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданысына да тоқталды. Былтыр Google компаниясы қазақ тілін Gemini моделіне енгізді. OpenAI зерттеуіне сәйкес, соңғы үш жылда қазақ тілінің жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданысы артқан. Енді қазақша цифрлық өнімдерді көбейту көзделіп отыр.

Шерхан Жамбылұлы, тілші:

Осыдан 37 жыл бұрын елең-алаң шақта қазақ зиялылары ана тілінің болашағына алаңдап, бас қосқан еді. Енді қазір заман өзгерді, тіл мен оның қолданылуына қатысты қойылатын талап та артты. Ендігі міндет қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, оны ғылым мен білімнің, жаңа технологияның тіліне айналдыру. Өйткені тілдің өміршеңдігі тек тарихының тереңдігімен емес, заман талабына қаншалықты бейімделіп, жаңа кеңістіктерді игере алуымен өлшенеді. Ал бұл мемлекетпен қатар, тұтас қоғамға ортақ жауапкершілік.

Бөлісу