Талғар ауданында ауызсу бағасына наразылық туды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғар ауданында ауызсу бағасына наразылық туды

20.06.2018

Алматы облысының Талғар ауданында жақын күндері ауызсу бағасы тағы 50 пайызға қымбаттауы мүмкін. Аймақтың монополияларды реттеу департаментіне 18 ауыл үшін суға бірдей тариф белгілеу туралы өтінім келіп түскен. Бірақ, елді мекен жұртшылығы бағаның көтерілуіне түбегейлі қарсы. Мәселен, Қайнар ауылдық округіне қарасты «Еламан» ауылының халқы ауызсуды ауылға өз күштерімен кіргізгенімен, аудандық монополистер ел есебінен заңсыз жолмен пайда тауып отыр деп есептейді. Даулы мәселедегі тараптардың ұстанымын тілшіміз Лаура Қуанышқызы тыңдап келді.

Қазір Алматы облысы, Қайнар ауылдық округі, Еламан елді мекенінде 2500-ден астам халық тұрып жатыр. Дегенмен де, елдің су мәселесі 8 жыл бойы шешілмей келеді. Су қыста мұз болып қатса, жазда оны қолдану тіпті мүмкін емес. Себебі, судың ағасы өте нашар.

Алайда, «судың тарифі жыл сайын өседі», дейді халық. Алматы іргесінде тұрған елді мекен халқы 2000 жылдары ауызсуды өз қаражаттарына үйді-үйге тартқан. Құбырларын да өздері орнатқан. Бірақ, соңғы кезде «Су құбыры» кәсіпорны су желісін жеке баланстарына алып,елден әр куб үшін 104 теңгеден қаражат жинап келген. Еламандықтар «осы жолы монополистер тарапынан жасалған қысымға төзбейміз», - деп отыр.

Ердәулет Бейсәлиев, Еламан ауылының тұрғыны:

- Келіп ақша жинағаннан басқа ештеңе жоқ. Қыстыгүні су қатқанда да ешқандай көмек болған жоқ. Бағаның көтерілуіне біз қарсымыз.

Қазір монополистер тұтынушылар үшін су тарифінің 50 пайызға көтерілетіндігін ескертіп отыр. Халық мұны негізсіз деп санайды. Кәсіпорын тарапынан халыққа қызмет көрсету сапасы өте төмен екендігіне қарамастан төлем квитанциялары ай сайын үзілмей келіп тұрады екен.

Байжан Нүсіпхожаев, Еламан ауылының тұрғыны:

- Одан су әрең шығып тұр. Содан сорғылап 30 метрден шыққан судың бәрі жердің бетіндегі су. Сондықтан, оның бәрі техникалық су деп тұрғанымыз сол. Оған ешқандай хлор жүргізілмейді.

Мардымсыз судан жергілікті халық бау-бақша егіп, жеміс-жидектің де қызығын көрмейді. Қыста да, жазда да сыздықтап аққан суды шелектеп тасып жан бағып отыр. Оның үстіне, ауыз су сүзгіден өтпеген. Кейде лай суды да талғажау етуге тура келеді. Ал, бұл мәселемен жауапты органдардың шаруалары жоқ.

Бақтияр Камзин, облыстық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті, тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті департаментінің бас маманы:

- Тарифтік сметада жалпы шығындар көрсетіліп отыр. Жалпы, Талғар ауданы бойынша участоктары бойынша 15 ауылдың барлық шығындары көрсетіліп отыр.

«Су құбыры» кәсіпорны облыстық монополияларды реттеу департаментіне ауызсудың бағасын көтеру шығынды толтыру үшін деп түсіндіреді. Сондықтан, 18 ауылдың тұрғындары үшін су тарифі бірдей болғаны жөн деп шешім қабылдапты. Қазір ауылдарда судың бағасы халық санына орай 45 теңге мен 350 теңге аралығында болып тұр.

Азамат Айтжанов, Талғар ауданы «Су құбыры» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің  абоненттік бөлім бастығы:

- Еламан ауылының бұл жерде құбыр арқылы келеді. Оған шығатын шығындар бар.

Су шаруашылығына жауапты мамандар ауыл-ауылды аралап, 15 күн ішінде шешім қабылдамақ.  Ал, ауызсуға жарымаған халық қызмет құны төленетін қаражатқа сай болса деп талап етеді.

 

Лаура ҚУАНЫШҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу