Басты Жаңалықтар Ресей-Украина-АҚШ үшжақты келіссөзі басталды

Ресей-Украина-АҚШ үшжақты келіссөзі басталды

Украинадағы соғысты аяқтауға бағытталған келіссөз 9 ай үзілістен соң қайта жалғасты. Ресей, Украина мен АҚШ арасындағы үшжақты келіссөз Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өтіп жатыр. Кездесудің алғашқы күні соғысты аяқтау қағидалары мен Еуропаның қауіпсіздігі жайы талқыланды. Екінші күні аумақ мәселелері мен өзге де тақырыптар қозғалады. Абу-Дабиге Ұлыбритания, Франция мен Германия өкілдері де барды. Алайда олар үшжақты келіссөзге тікелей қатыспайды. 

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасында бүгін басталған үшжақты келіссөз жабық форматта өтіп жатыр. Ресей делегациясын президент көмекшісі Владимир Мединский, ал Украина делегациясын сыртқы барлау қызметінің басшысы Рустем Умеров бастап барған. Ал Құрама штаттардан президент Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф пен күйеу баласы Джаред Кушнер қатысып жатыр.  

Джаред Кушнер, АҚШ президентінің арнайы өкілі:

Мазмұнды әңгімелесу болды. Біз қос тараппен күн сайын келіссөз жүргіздік. Қарама-қайшылықтарды нақты анықтап, олардың ауқымын тарылта алдық деп ойлаймын. Алға ілгерілеу үшін бүгін және ертең ашық, шынайы және жан-жақты диалог құра аламыз деп үміттенемін.

Келіссөздерде талқыланатын басты  тақырып - соғысты тоқтату және қақтығыстан кейінгі кезеңдегі қауіпсіздік кепілдіктері мен Еуропаның жаңа қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыру. Ресей және Украина делегацияларының басшылары Абу-Дабидегі келіссөзде бейбітшілікті жақындату үшін жұмыс істейтіндерін мәлімдеді. 

Владимир Мединский, Ресей делегациясының басшысы:

Америкалық серіктестерімізге бітімгершілік ісіндегі жетістіктері мен күш-жігері үшін алғыс айтамыз. Біз мұны жоғары бағалаймыз. Делегация құрамы кеңейіп, кәсіби деңгейі артқандықтан, бүгінгі кездесу бейбітшілікке қарай ілгерілеуге септігін тигізеді деп үміттенеміз.

Рустем Умеров, Украина делегациясының басшысы:

Джаред айтқандай, соңғы бір жылға жуық уақытта, әсіресе соңғы екі айда нәтижелі талқылаулар өткіздік. Мәселенің шешімін табуға үлес қосып жатқан еуропалық серіктестерімізге де алғыс айтамыз. Тұрақты бейбітшілікке қол жеткіземіз деп үміттенемін.

Бұл кездесуден бұрын Украина мен АҚШ өкілдері Еуропа делегаттарымен жүздесті. Басқосуда еуропалық институттарды дамыту, Украинадағы соғыс аяқталғаннан кейінгі кезеңдегі қауіпсіздік келісімдері жайы талқыланған. Ұлыбритания, Франция мен Германияның ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшілері, НАТО және Еурокомиссия өкілдері үшжақты келіссөзге тікелей қатысып жатқан жоқ. Ал Ресей мен Украина арасында АҚШ-тың арағайындығымен бұған дейінгі келіссөз биыл ақпанда Женевада, оның алдында Абу-Дабиде өткен еді. Бұл жолғы келіссөз ертең де жалғасады. Бұл жолғы кездесу Ресей, Украина және Еуропа арасындағы қауіпсіздіктің жаңа жүйесін қалыптастыруға жол ашады деген үміт басым.

Бөлісу