Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы қымызмұрындық дәстүрін  жаңғыртты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы қымызмұрындық дәстүрін  жаңғыртты

19.06.2018

Төл дәстүрді қайта жаңғыртқан Оңтүстік Қазақстан облысының жұртшылығы қымыз фестивалін өткізді. Жаз шығып, жайлауға жайғаса салысымен қыс бойы барыс-келіссіз қалған ағайынды жиып, қымызмұрындық өткізу қазақ үшін қызығы мол думанды мереке. Бие байлап, саумал ашытқан, саба шайқап, күнде күбі піскен жеңгейлер бұл күні бекзада сусынның бірнеше түрінен көпшілікке дәм татқызды.

Қымыз – исі  қазақ қатты қадірлеп, мейірі қана ішетін ұлттық сусынның бірі. Бабадан балаға жалғасып келе жатқан ата кәсіпті сарқыттай сақтаған оңтүстікте қазір  қымыздың  30-дан  астам түрін ұқсатып, баптайды. Сақтайтын  мерзіміне қарай саумал, құнан, дөнен  және  бесті  қымыз  деп  бөлінетін  сусынның  аса  бағалысы – хан қымызы. Бие байлайтын үй  қымыздың мұндай түрін ең сыйлы, құтты қонағына құрметпен ұсынады.

Гүлмира Жанғазиева, қымыз баптаушы:

- Хан қымызы деп 3-4 күн ашытып, қойдың құйрығы мен жылқының сүр қазысын, өрік-мейіз салып, тобылғымен, киікотымен ыстап баптаған қымызды айтады.

Ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан азаматтар «бие  сүтін  баптаудың  тәсілі  барлық   жерде  бірдей  болғанмен, әр  аймақтың  өзіне  тән  ерекшелігі  бар. Ал,  әр  алуан  әдіс қымыздың  дәміне  айрықша  әсер етеді. Сондай-ақ, әр жердің табиғаты мен көкорай шалғыны да ұлттық сусынның қасиетін даралай түседі», - дейді  олар.

Мұхтар Ибрагимов, қымыз баптаушы:

- Ақсу-Жабағылы қорығы, Майлыкент өңірінде 1 700 түрлі шөп өседі. Сол шөптің 250 түрі дәрілік. Содан шыққан қымыздың қасиеті, оның молдығына баға жоқ.

Бұл күні әнші-термешілер де аянып қалмады. Жайлауды әуезді әнге бөледі. Қымызмұрындыққа жиналғандар сурет және қолөнер шеберлерінің көрмелерін қызықтады. Қыз қуу, теңге ілу секілді ұлттық спорт ойындарын тамашалады.

Қарабек Орынбаев, Бәйдібек ауданының тұрғыны:

- Ауызбіршілік қымызмұрындықтан басталып жатыр. Келешекте де осы дәстүріміз жалғаса берсін деген тілегім бар.

Фестиваль соңы қымызқұмарлардың сайысына ұласты. Ортаға шыққан мешкейлердің  алды 11 кесе қымызды сіміріп салды. 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу