Басты Жаңалықтар Балқаш өңірінде биыл туристік маусым кеш басталды

Балқаш өңірінде биыл туристік маусым кеш басталды

Балқаш өңірінің биылғы туризмнен түсер табысы жылдағыдан аз болуы мүмкін. Себебі, ауа райы салқын болып, жаз кеш шықты. Өткен жылы тек осы саланың өзінен қала бюджетіне 160 миллион теңге кіріс кірген. Мамырдың ортасынан бастап тамыз айының соңына дейін қызу жұмыс істеген кәсіпкерлер де пайдаға кенелген болатын. Ал, қазір демалыс орындары бос тұр.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Өткен жылы Балқашқа 31 мыңнан астам турист келген болатын. Соның арқасында көкше көл жағалауындағы демалыс орындарына біраз пайда келген еді. Ал, биыл ауа райы қолайсыз болғандықтан, демалыс маусымын кеш бастауға мәжбүр. Шынымен де су әлі салқын, жағалау бос.

Тілеугерей Маканалин Балқаш қаласындағы ең үлкен демалыс орындарының бірін басқарады. Өткен жылы бұл кезде мұнда турист көп болған. Табыс мол түскен  соң кәсіпкер қосымша тағы бір ғимарат салып, күніне 400 адамға дейін қызмет көрсетуге бекінген еді.

Тілеугерей Маканалин, кәсіпкер:

- Туризм басталған жоқ. Негізі шығынға түседі. Өйткені, біз тамыздың 15-16 дейін ғана жұмыс істейміз. Балаларды сабаққа дайындау керек. Сол уақытта туристер азая бастайды. 

Балқашта 50-ден астам туризм нысаны бар. Бір күнде 3 мың адамға дейін қабылдай алады. Көкше көл жағалауындағы қалаға қарасты 6 демалыс орнының барлығы бос тұр. Баға болса, сол қалпы қымбаттамаған.

Жамира Рахманова, Балқаш қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Соңғы үш жылдан бері демалыс бағасы қымбаттаған жоқ, тұрақты күйінде қалып отыр. Соның арқасында мұнда келушілердің 70 пайызын отандық туристер құрауда. Яғни, Балқаш жағалауында демалу ел азаматтары үшін қолжетімді бола бастады.

Бұған дейін Балқашқа туристердің қатынауын жеңілдету мәселесі де көтерілді. Биыл республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа  қала әуежайының ұшу жолақтары жөнделеді.  Қазір құрылыс жұмыстары басталды. Сондай-ақ, Алматы-Балқаш-Қарағанды бағытымен екінші рейс ашылған.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу