Басты Жаңалықтар Брюссельде Дүниежүзілік туризм форумы өтіп жатыр

Брюссельде Дүниежүзілік туризм форумы өтіп жатыр

Бельгия астанасы Брюссельде Дүниежүзілік туризм форумы басталды. Екі күнге созылатын шараға жаһан елдерінен екі мыңнан астам делегат қатысып жатыр. БҰҰ мәліметінше, былтыр әлем бойынша 1.5 млрд адам саяхаттаған. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен де жоғары. Алайда, геосаяси тұрақсыздық, қымбатшылық пен экологиялық проблемалар саланың дамуына тұсау болып тұр. Басқосуға жиналғандар туризмді ілгерілету жайын талқылады.

Туризм бүгінде демалыс индустриясы ғана емес, әлемдік экономиканың маңызды тірегіне айналды. Дүниежүзілік саяхат кеңесінің мәліметінше, былтыр туризмнің әлемдік экономикаға қосқан үлесі 11,6 триллион долларға жеткен. Бұл жаһандық ішкі жалпы өнімнің 10 пайызы. Салада қазір 366 млн адам еңбек етіп жүр.

Патрик Бонтинк, Visit Brussels Агенттігінің бас директоры:

2024-жылы біз пандемияға дейінгі көрсеткішке қайта оралдық. Үш жылдан бері Брюссельге келетін туристер саны 10 миллион деңгейінде тұрақтап тұр. 2027-жылы өсім болады деп болжап отырмыз. Ол үшін туризмге деген оң көзқарасты қайта қалыптастыруымыз керек.

Еуропа әлемдегі ең ірі туристік бағыт мәртебесін сақтап отыр. Өткен жылы қарт құрлыққа 793 млн шетелдік турист келген.

Нұрсұлу Қасым, тілші

Еуропа туристер үшін тартымды болғанымен қарт құрлыққа саяхаттау қазір қалтаға салмақ түсіретін демалыс түріне айналып барады. Қонақ үй, мейрамхана, әуе билеттерінің қымбаттауы-отбасылық бюджетті шектеді. Сондықтан, туристер сапардың ұзақтығын қысқартып, арзанырақ бағыттарды таңдауға көшкен.

СНХ. Пьетра, турист

Бразилиялықтар үшін Еуропаға саяхаттау қымбат. Еуропаны көру арманым болғандықтан, саяхатымды алдын ала жоспарлап, келіп отырмын. Жалпы, пандемиядан кейін бағалар едәуір өсті.

«Саяхаттың қолжетімді әрі қауіпсіз болуын қамтамасыз ету қажет». Дүниежүзілік форумға жиналғандар туризмнің түйткілді тұстарын талқылады. Жаһандық туристік нарықта Орталық Азия елдерінің, әсіресе Қазақстанның әлеуеті артты дейді шетелдік мамандар. Шараға біздің елден қатысқан делегаттар сапалы инфрақұрылым қалыптастырып, саланы цифрландыру мәселесін көтерді. 

СНХ. Қайрат Сәдуақасов, туризм саласының өкілі, кәсіпкер

 Қазір біздің елде, жалпы әлемде туристік ағынды бақылау өте қиын. Адамдар автобуспен, пойызбен, жеке көлігімен саяхаттайды. Цифрландыру арқылы осы қозғалысты жан-жақты бақылап, елге қанша турист келгенін анықтауға болады.

Мамандар овертуризмге, яғни, туристердің белгілі-бір аймақтарға шамадан тыс шоғырлануына жол бермеу қажеттігін айтады. Табиғат пен мәдени мұраны сақтау, салаға қыруар инвестиция құю мұқым елдің экономикалық саясатына айналуы тиіс, - дейді сарапшылар.

Бөлісу