Басты Жаңалықтар Масылдық емес, еңбекті таңдағандар

Масылдық емес, еңбекті таңдағандар

Мемлекет көмегіне ғана сүйенбей, еңбек етіп, қоғамнан өз орнын табуға ұмтылған жандар аз емес. Маңғыстаудағы сондай жандар туралы әріптесім Аягөз Оралбайқызы баяндайды.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Иә, Ақтауда мүмкіндігі шектеулі және зейнет жасындағы тұрғындарға жаңа кәсіп үйретіп, жұмысқа тұруына жәрдемдесіп, сол арқылы нәпақа табуына септігін тигізіп отырған азаматтар бар.  Олардың айтуынша, еңбек адамға табыс қана әкелмейді, өз-өзіне деген сенімін арттырады. Біреуге масыл болмай тіршілік жасап жүрген сондай жандар жайылы сюжет әзірлеген едік.  Енді соны бірге көрейік.

Ақтаулық Айгүл Халмұратова денсаулық сақтау орталығын ашып, мемлекеттік бағдарлама арқылы әлеуметтік осал топтағы тұрғындарды жұмысқа тарта бастаған. Оларға массаж жасауды, компьютер қолдануды үйретіп, жаңа дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берген. Бүгінде орталықта зейнеткерлер де, әлеуметтік қолдауға мұқтаж азаматтар да еңбек етіп жүр.

Айгүл Халмұратова, денсаулық сақтау орталығының иесі:

Массажистерді оқыттық, қазір бір жылдан астам жұмыс істеп жатыр. Зейнет жасындағы адамдармен де жұмыс бастап жатырмыз, компьютерлерді үйретіп, ары қарай оқытып жатырмыз. Еңбек түбі сары алтын дейді ғой, сондықтан да әр еңбек еткен адам өзінің бұл өмірде орнын табады деп ойлаймын.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

 Еңбектің адам өміріндегі орнын спорт арқылы дәлелдеп жүргендердің бірі - Ғани Есентеміров. Ол 2012  жылы бір аяғынан айырылып, екінші топтағы мүгедектік алған. Алайда қиындыққа мойымаған. Парапауэрлифтингпен айналысып, Қазақстанның 11  дүркін чемпионы атанды. Әлем кубогінің үш дүркін қола жүлдегері. Бүгінде өзі ғана жетістікке жетіп қоймай, өзге де мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетіп жүр. Қоғамдық бірлестік құрып, 30-ға жуық адамды спортқа баулыған. Олардың оннан астамы спорт шебері атанып, республикалық және халықаралық жарыстарда топ жарып жүр.

Ғани Есентеміров,  Ақтау қаласының тұрғыны:

Жақсыны көріп пікір ет, жаманды көріп шүкір ет дейді ғой, осындай орталыққа келгеннен кейін депрессиядан шығуға да адамға оңай болады.  Адамды адам қылатын - еңбек дейді ғой, еңбек, масыл болмай, қашан маған ауызыма әкеліп салып береді екен деп күтіп отырмай, өзің әрекет жасап, бала-шағаға үлгі болудың амалын жасау керек.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Еңбектенген адам әрдайым өз орнын табады. Мемлекет көмегіне ғана иек артпай, адал еңбектің арқасында жетістікке жеткен кейіпкерлеріміз көпке үлгі.

Бүгінде Ақтау қаласында 100-ден астам кәсіпкер бар. Ал облыста 70 мыңдай кәсіпкерлік нысан бар, оларда 136 мыңнан астам адам еңбек етеді. Олар сауда, қызмет көрсету, өндіріс, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда жұмыс істеп жатыр.

Бөлісу