Семейде «Digital Abai – 2026» халықаралық IT форумы өтті
Семейде «Digital Abai – 2026» халықаралық IT-форумы өтті. Онда цифрлық индустрияның даму бағыттары мен жаңа технологиялардың мүмкіндіктері талқыланды. Ауқымды шараға жетекші сарапшылар, стартап жобалардың авторлары және IT саласының өкілдері жиналды. Көрме алаңында белгілі компаниялармен қатар Абай облысының жас стартаперлері өз жобаларын таныстырды. Форум жүздеген қатысушы үшін тәжірибе алмасу алаңына айналды. Күні бойы педагогтерге арналған білім беру секциялары, кибергигиена аймағы, подкаст студиясы мен кинозал жұмыс істеді.
Берік Уәли, облыс әкімі:
Өңіріміздегі 160 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желілері тартылды. Сонымен қатар халқы аз қоныстанған 18 елді мекен спутниктік интернетке қосылды. Осы жобалардың нәтижесінде 2027 жылдың соңына дейін Абай облысын сапалы интернет қамту деңгейі 96 пайызға жетеді деп болжап отырмыз.
Форумда жасанды интеллектіні енгізу мен жергілікті инновациялық бастамаларды қолдауға да ерекше мән берілді. Биыл Абай облысында Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында бірқатар инфрақұрылымдық және инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Форум аясында маңызды ынтымақтастық келісімдеріне де қол қойылды. Өңірде IT инфрақұрылымды дамытуға және жас мамандарды қолдауға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, «Даму» қоры мен Семей қаласындағы Astana Hub филиалы арасында меморандум жасалды.
Әнет Тұрсынжан, Astana Hub филиалының директоры:
Бізде жас стартаперлар, бағдарламаушылар өте көп. Көптеген жобалары бар. Семей қаласының ішінде іске асырып жатыр. Шет елдерге экспорттап жатқан қызметтері бар. Стартаптар қаражат алып жатса, стимул алып, жұмыстарын кеңейте алады. Ол бізге жаңадан экономикалық түсімдер, жаңа жұмыс орындарының пайда болуы және адами капиталының дамуы деп есептеймін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы