Шуда болған пойыз апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шуда болған пойыз апатынан зардап шеккендерге өтемақы төленеді

18.06.2018

Жамбыл облысының Шу қаласы маңында болған пойыз апатынан қаза болған 12 жастағы баланың отбасына 2 млн. теңге көлемінде өтемақы беріледі. Ал, зардап шеккен 14 жолаушыға 500 мың мен 1 млн. теңге аралығында төленеді. Бұл туралы Шу станциясында өткен брифингте «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қанат Алпысбаев айтты.  Сондай-ақ, апатты тексеру комиссиясы болған жағдайдың бір ықтимал себебін жоққа шығарды.

Астана-Алматы бағытындағы №9 жолаушылар пойызында барлығы 800-ден астам адам болған. Аударылған 3 вагонда 150 жолаушы отырған. Солардың 14-і түрлі жарақат алып, ауруханаға түскен. 12 жастағы бала көз жұмды. Ал, 48 жастағы Әліби Байжановтың екі аяғы сынып, оған бүгін операция жасалды. Қазір жағдайы қалыпты. Ал, қалған 13-ін дәрігерлер қараған соң үйлеріне жіберді. Енді оларға қаржылай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, 100 жолаушы билеттің құнын толық қайтарып алған.

Қазір оқиға болған жерде жедел штаб құрылды. Зардаптарды жою жұмыстары бүгін түнгі сағат 23:00-де аяқталуы тиіс. 9 техника мен 300-ге жуық теміржолшы жұмылдырылды. Сондай-ақ, арнайы комиссия оқиғаның себеп-салдарын сараптауда. Нақты дәйекке қатысты қылмыстық іс те қозғалды. Бұл тергеуге Ресей мен отандық сарапшылар тартылды. «Ал, бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған ақпарат шындыққа жанаспайды»,- дейді салалық ведомство өкілі.

Қазір жол телімінің инфрақұрылымы техникалық тексеруден өткізілуде. Жылжымалы құрамның инструментарлық өлшемі жасалып жатыр. Комиссия тарапынан қызметтік тергеу де жүргізілуде. Оқиғаның себебі сараланып, темір жол телімі түгелдей тексеріледі.

 

Алмат ӘБДІРАМАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу