Шудағы пойыз апаты орнында қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүруде
Жамбыл облысының Шу қаласына 20 шақырым жерде болған пойыз апаты орнында қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Қайғылы оқиғадан кейін арнайы штаб құрылып, мамандар шойын жолдың бойын тазартуға кірісті. Апат аймағы толық оқшауланып, себеп-салдарын анықтау үшін шұғыл тексеру шаралары да қолға алынды.
Әліби Байжанбаев – аударылған №15 вагонның ішінде болған жолаушылардың бірі. Оның сөзінше, түскі асын ішіп отырған сәтте пойыз шайқалып, артынша кілт тоқтаған. Бірақ, одан кейін не болғандығын өзі де ұқпай қалған. Бір есін жиғанда шаң-топалаңның арасында қалыпты.
Екі аяғы сынған жолаушыға бүгін таңертең операция жасалды. «Бәрі сәтті әрі ойдағыдай өтті», - дейді дәрігерлер. Енді 10 күннен кейін науқас үйіне жіберіледі.
Александр Новиков, Шу қалалық ауруханасының травматолог-дәрігері:
- 1970 жылы туған Әліби Байжанов қазір ауруханада жатыр. Екі аяғы да сынған. Операция жасадық. Жағдайы жақсы. Бәрі қалыпты деуге болады. Қауіпті ешнәрсе жоқ.
Жолдан шыққан рельстерді қалпына келтіру үшін бірнеше күш-құрылымдары жұмыс істеп жатыр.
Дәл қазір оқиға орнында Жамбыл желісінің 300-ден астам жұмысшысы жұмылдырылған. Сондай-ақ, аударылған вагондарды көтеру үшін арнайы екі техника жеткізілді. Мамандардың сөзінше, жуық арада релсьтер қайта қалпына келтіріледі.
Аударылған вагондардың аумағы 200 метр болады. Осы аралық кеше кешкі сағат 9-да түгелдей жабылып, арнайы күзет те қойылды. Ал, вагонның іші-сыртында шашылған жолаушылардың дүние-мүлкін бір жерге жинап, оларға қайтару үшін тізім де жасалды. Жүктерді бүгін Алматы вокзалына әкетеді.
Бекболат Орынбеков, облыс әкімінің орынбасары:
- Мұндай жағдай Жамбыл облысында бірінші мәрте болды. Бірақ, тиісті шаралар шұғыл түрде орындалды. Толық тексеріс жұмыстары біткеннен кейін қорытындысын алатын боламыз. «Қазақстан теміржолы» бұған заңға сәйкес, төлемақысын қалпына келтіруге дайын.
Данияр Нұрмағанбетов, «Жолаушылар тасымалы» АҚ вице-президенті:
- Техникалық құрам келіп, жұмыс істеп жатыр. Қысқа уақытта жол қалыпқа келтіріледі. Ешқандай кедергі жоқ. Жұп жол жойылса да, тақ жолмен пойыздар кестеге сай өтуде.
«Астана – Алматы» бағытындағы пойызда болған 800-ден астам жолаушының 400-і қосымша бөлінген пойызға отырып, дін аман діттеген жеріне жетті. Ал, қалғандары өтініштеріне қарай, автобусқа отырды. Жарақат алған 14 азаматтың 13 Шу қалалық және аудандық аурухана дәрігерлерінің қарауынан кейін тұрғылықты мекен жайы бойынша тексеруге жіберілді. Тек қос аяғы сынған Әліби Байжанов төсекке таңылды. Оның жанында аударылған вагонда бірге болған жұбайы бар. Оның денсаулығына ешқандай қауіп жоқ.
Алмат ӘБДІРАМАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы