Басты Жаңалықтар Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары елорданың 20 жылдығына ерекше сый тарту етті

Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары елорданың 20 жылдығына ерекше сый тарту етті

Олар бас қаладағы сәулетті ғимараттардың көшірмесін жасап, арнайы көрме ұйымдастырды. Макеттер жиынтығы білім ордасына келуші қонақтардың назарына ұсынылуда.

Оқушылар 9 ғимараттан тұратын коллекциялық макеттерді құрастыру үшін  1 ай еңбектеніпті. Ептілік пен қиялды талап ететін жұмыс көп құралды қажет етпейді. Желім мен қалқан қағаз болса, жеткілікті.

Перизат Ағынбайқызы, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 9-сынып оқушысы:

- Бізге берілгені «Хан Шатыр» ғимараты. Жалпы, маңызды құрылысы пвх-дан жасалған. Дөңгелек пішінді пвх-ларды өлшем бойынша кішірейтіп, формасын келтірдік. Оны әсемдеу үшін жылтырақ және жылтырамайтын оракал қағаздар мен 12 вольттық диодтар қолданылды.

Дана Қуанышева, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы:

- Ақорданың көшірмесін жасау үшін біздің 1 апта уақытымыз кетті. Ғимараттың сәулетін көрсету мақсатында әр қабырғасын бөлек жасап, асқан ұқыптылықпен терезесін орнаттық.

Бұл тың дүниелердің ерекшелігі сол, оңай тасымалданады. Оқушыларға бағыт-бағдар беруші мұғалімдер «қол еңбегінің балалар үшін пайдасы зор», - дейді.

Данияр Олжағалиев, Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнер пәні мұғалімі:

- Компьютер, соткамен жұмыс жасағаннан гөрі бұл қолдарының моторикасын дамытады, бұл балаларға пайдалы. Елордамызға сыйлық ретінде дайындалдық.

Жандос Темірғалиев, тілші:

- Мына «Бәйтеректі» оқушылар 4 күнде жасап шыққан. Биіктігі 2 метр 35 см. Салмағы 5 келіге жуықтайды. Мұны жасауға 6 оқушы атсалысқан.

Зияткерлік мектеп оқушылары бұдан өзге архитектуралық маңызға ие жаңа ғимараттардың үлгісін дайындау үстінде. Олар бұл нысандардың сызбасы қолдауға ие болып, кез келген шаһарда бой көтереріне сенеді.

Жандос ТЕМІРҒАЛИЕВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу