Басты Жаңалықтар Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына - 25 жыл

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтына - 25 жыл

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін құрылған ұйымның бүгінде беделі зор. Халықаралық деңгейге мойындалып, пікір алмасатын мекемеге айналды. Айтулы датаға орай Астанада ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Шараға алыс-жақын шетелдерден саясаткерлер, дипломатиялық миссиялардың басшылары келіп, қуанышқа ортақтасты.

Егемендікті енді алған тұста елімізге ішкі және сыртқы саясатты сараптайтын, мазмұнды талдау жасайтын, зерттеуге зіл мен зейін салып зерделейтін орталық қажет болды. Мемлекет басшысының қолдауымен 1993 жылдың 16 маусымында Алматыда стратегиялық зерттеулер институтын құру жөнінде жарлық шықты. Ширек ғасыр өтті. Орталық 25 жыл бойы ел қауіпсіздігі, дамыған елдермен байланыс, жаһандық экономикалық үрдістер мен Қазақстаннның дамуы сияқты тақырыптарға салмақты сараптама жүргізді. Оның дені мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық мәселелері шешуде негізге алынды.

Алуа Жолдыбалина, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім меңгерушісі:

- Біз ішкі және сыртқы саясаттағы үрдістерге, оқиғаларға талдау дайындаймыз. Сол талдау жұмыстарының нәтижесінде ұсыныстар жасаймыз.

Орталықтың 25 жылда атқарған жүйелі жұмыстары халықаралық деңгейде мойындалды.  Жиынға келген шетелдік меймандардың көптігі - соның дәлелі. Мемлекет басшысы, Үкімет жетекшісі, Парламент спикерлері де қуанышқа ортақтасып құттықтау хаттарын жолады. Институттың атқарған еңбегін жоғары бағалады.

Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігінің бөлім басшысы:

- Тәуелсіздік шежіресінде сіздердің алар орындарыңыз ерекше. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы институттың жұмысын жіті қадағалап отырады.

Мемлекет басшысының қолдауы институттың жұмысын жемісті етті. Былтыр қазақстандық орталық әлемдегі жетекші сарапталық институттардың тізіміне енді. Мекеменің алдағы жоспары ауқымды. Сондықтан, көшбасшылардың қатарына да қосылатын күн алыс емес.

Бақытжан ОМАР

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Бөлісу