Семейде табиғат тосын мінез танытты. Кеше кешкісін төпелеп жауған нөсер жауын соңы селге ұласты. Көшелер мен аулаларды су басты. Кейбір аудандарда электр жарығы өшіп қалды.Тіпті өрт оқиғалары да тіркелген. Найзағай жарқырап, Волгоградская, Безымянная, Селевин мен Уәлиханов көшелерінде от шыққан. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Бүгін қалада апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізілуде.
Кешкісін шелектеп құйған жаңбырдың соңы бұршаққа ұласты. Мамандардың айтуынша, бірнеше сағаттың ішінде 10 күндік мөлшер бірақ жауған. Табиғи апат салдарынан Ет комбинаты, Комсомол, Казкрай аудандарындағы жер тұрғын үйлердің аулаларын су басты. Ал, Селевин, Бозтаев көшелерімен көлік жүре алмай, кептеліс пайда болды. Тіпті «Газель» көлігі судан шыға алмай қалған.
Любовь Воробьева, қала тұрғыны:
- Аула суға толып кетті. Бақшамдағы қызанақ көшеттері сынып қалды. Енді не істерімді білмеймін. Есім шығып кетті. Кеше кешкісін сағат 18:30 шамасында хабарласқанда, еш жерде телефон көтермеді. Бүгін таңертең сағат 08:00-де Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға хабарластым.
Апаттың салдарын жою жұмыстары бүгін де жалғасуда. Лесная мен Селевин көшелерінде су сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қымбат Көпбаев, Семей қалалық ТЖБ Азаматтық қорғаныс бөлімінің бастығы:
- Бүгінде жұмыстар жалғасуда. Қазір Селевин көшесінде 4 техника жұмыс істеп тұр. Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың жеке құрамынан 6 адам және су арнасы мекемесінен 12 адам жұмыс істеуде. Лесная көшесіне де 2 су соратын техника тұр. Онда да жаңбыр суы шығарылуда. «Қазгидромет» тарапынан Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармаға ескерту болған жоқ.
Тұрғындар тарапынан аулаларын су басқаны жөнінде ондаған шағым түскен. Сондай-ақ, көпірлердің астында көліктердің қалғаны туралы көмек сұрап 200-ге жуық адам хабарласқан.
Рысгүл МАДВАСОВА
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.