Ісмерлер автокөліктерді қазақы нақыштағы жабулармен безендіруге көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ісмерлер автокөліктерді қазақы нақыштағы жабулармен безендіруге көшті

13.06.2018

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы отандық кәсіпкерлерге де ұлттық құндылықтарды ұлықтауға жол ашты. Мәселен, қазір қалалық немесе ауылдық жерде болсын, көліксіз жүру қиын. Бір кездері ат әбзелдерін ұлттық оюмен әрлеген ісмерлер енді автокөліктерді қазақы нақыштағы жабулармен безендіруге көшті.

Сондықтан, халықтың қолөнерін шығармашылықпен насихаттап жүрген шеберлердің еңбегі зор. Атап айтсақ, Алматыдағы ұлттық ою-өрнектермен безендірілген жабуларды тігуге маманданған орталық дизайнерлері озық технологиялармен жұмыс істейді. Шеберлердің сөзінше, мұнда 20 адам тұрақты жұмысқа орналасқан.

Ал, тұтынушылар арасында қазақы нақыштағы дүниелерге деген сұраныс артқан. Тігін цехында жұмыс істейтін жандар - нағыз шеберлер. «Ұлттық жабуларды тігу, оның ою-өрнегін салу оңай іс емес», - дейді олар. Себебі, әр ою түрлерінің тарихи мән-мағынасын да білу шарт. Сондықтан, жабуды кез келген оюмен өрнектей салмайды. Талғамға талап күшті. 

Алмаз Жангереев, кәсіпкер:

- Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша осы кәсібіміз дамып жатыр. Алдағы уақытта ел экономикасының өркендеуіне бар күшімізді салып, Қазақстанның өркениетті мемлекеттердің алдыңғы деңгейіне көтерілуіне үлесімізді қосамыз. 

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

 

Хабарламаларға жазылу