Алматы облысы Талғар ауданындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейін биыл 80 түлек бітірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысы Талғар ауданындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейін биыл 80 түлек бітірді

13.06.2018

Ал, оқу орны ашылғалы 500-ге жуық жас өрен білім алған. Олардың алды қазір Америка, Қытай, Түркия, Ресей сияқты шет елдерде білімдерін шыңдап жүр. Солардың жолын қуған жастардың тағы бір легі үлкен өмірге қанат қақты.

«Арыстан» мамандандырылған лицейінде қазір 240 оқушы білім алып жатыр. Солардың 80-і лицей қабырғасында соңғы рет салтанатты сап құрды. Осында 3 жыл білім алған шәкірттер ұстаздарына алғыс айтып, елімізге танымал тұлғалардың қолынан аттестат алды.

Қазыбек Абдуқаһаров, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің түлегі:

- Біз «арыстандықтар» Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің болашақ офицерлері боламыз. «Арыстан» лицейінде мен әскери маманға қажетті қабілеттердің барлығын игердім.

Шарада лицейді үздік бітіріп, «Алтын белгі» иеленген үш оқушыға айрықша құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, барлық талапқа сай болған бір оқушы «Лицей үздігі» атанды. Ұстаздар қауымы темірдей тәртіпке негізделген лицейде білім алған жастардың болашағы жарқын болатындығына сенімді.  

Сәбит Тауланов, «Арыстан» мамандандырылған лицейінің директоры:

- Әрине, біздің лицейде оқу оңай емес. Бірақ та, олар жақсы білім алып, болашақта үлкен әскери адам болады деп ойлаймыз.

«Арыстан» лицейінің ашылғанына 7-ші жыл. 2011 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Білім беру қоры аясында» құрылған лицей әскери маман болғысы келетін жастарды тәрбиелеп келеді. Түлектерінің алды қазір алыс-жақын шет елдерде оқып, еліміздің Қарулы Күштерінің қатарында қызмет етіп жүр. Солардың ізін қуған тағы 80 түлек үлкен өмірге асқақ арманмен аттанды.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу