Шығыс Қазақстан облысында «Семей-Қайнар» тас жолын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Семей қаласын Абыралы өңірі және Қыземшек, Знаменка, Саржал, Қайнар ауылдарымен байланыстыратын жолдың жалпы ұзындығы 276 шақырым. Оның бойында 12 көпір, 170-ке таяу су өткізетін құбыр бар. 1990 жылдардан бері қараусыз жатқан жолдың 12 шақырымы былтыр жеңіл-желпі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстарды жалғастыру үшін республикалық бюджеттен биыл да қомақты қаржы бөлінбек. Осы жолды күтіп-ұстауға қажет қаржының мөлшері де ұлғайды. «ҚазақАвтоЖол» мекемесінің облыстағы филиалы бүгінде ой-шұңқырларды бітеп, жол сапасын жақсартуға бар күшін салып жатыр.
Талғат Сұлтанов, «ҚазақАвтоЖол» ЖШС облыстық филиалдың №25 жол пайдалану учаскесінің басшысы:
- Өткен айларда жаңбыр жолдың жұмыстарына кедергі болды. Бірақ, соған қарамастан, жұмыс атқарылып жатыр. Комитеттің төрағасымен бекітілген кешенді бағдарлама бар. Маусым айынан бастап күзге дейін жұмыстардың бәрін толық атқаруға тырысамыз.
Абусана Қарсақбаев, Знаменка ауылының тұрғыны:
- Күре жол осылай жөнделіп тұратын болса, онда халыққа, ағылып жатқан техникаларға және жұмыс істеп жатқан мекемелерге өте қолайлы болады. Сондықтан да, бұл азаматтарға айтатын алғысымыз зор.
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.