Жамбыл облысының Қарасу ауылында жұрт ағын суға зар болып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысының Қарасу ауылында жұрт ағын суға зар болып отыр

11.06.2018

Жамбыл облысы Байзақ ауданының Қарасу ауылында жұрт ағын суға зар болып отыр. «Төрт түлік тұрып қалған суды ішіп, аурудан қырылып жатыр», - дейді тұрғындар. Арықтағы қара судан тарыққан халық есік алдындағы бақшасын ауызсумен суғаруға мәжбүр. Ауыл тұрғындарының шағымын тілшіміз Гүлнұр Қайратқызы тыңдап қайтты.

Гүлнұр Қайратқызы, тілші:

-500-дей түтінді сумен қамтамасыз ететін Сәмбет арығына өткен жылдан бері су келмеген. Ауылдың төрт түлік малы су ішетін тоғанның түрі мынау. Түбі көрініп, шаңы бұрқырап жатыр. Ал, қара судан тарыққан халық әзірге қайда барарын білмей дал.

Таласгүл апайдың күнделікті тіршілігі осы. Азды-көпті көк-сөгі қурап қалмасын деп, таңнан қара кешке дейін көшеттерге ожаумен су құяды.

Таласгүл Қырықбаева, тұрғын:

- Осылай ауызсу құямын. Ол да арзан емес. Ай соңында қаншама ақша төлейміз.

Бау-бақша екпек түгілі, жақын маңда төрт түлік шөл қандыратын су қалмаған. Тіпті, тұрып қалған қақ судың өзі таусылыпты. Ал оны ішкен мал сары ауруға шалдығып өлуде.   

Ермахан Әбиев, сиыршы:

- Су келеді деген үміт бар. Келмесе, малды таратамын. Елдің айғай-шуы керек емес.

Ауылдағы ахуал мен тұрғындардың талап-тілегінен хабарсыз ба, әйтеуір,  округ әкімі төбе көрсетпеді. Мәселені өздері шешпекке бекінген ел әлі тұтынбаған тіршілік нәрі үшін әр үйден 5 мың теңгеден жинаған. Тіпті, техниканың жанармайына дейін құйып беріпті. Бірақ, қара суға қарық болған халық жоқ. 

Жүсіпбек Лаширов, мұрап:

- Өзімнің ауылыма су жеткізу үшін техниканың жанармайын құйып, тірлік істеп жатырмын.

Судың жайын білмекке жауапты мекемеге бардық. Ондағы басшылық елдің сөзін жоққа шығарып, «су бар» деуден танбады. 

Қасымбек Жүзбаев, «Қазсушар» РМК ЖФ Байзақ ӨБ басшысы:

- Сәмбет каналында су бар. Аз болса да алып жатыр. Ақша жинау туралы ақпарат өтірік. Ондай болса құзырлы органға берсін.

Мәселенің қашан шешілетіні белгісіз, қарасулықтар судан таршылық көре берсек, төрт түлік атаулыны қырып аламыз ба деп алаңдайды.

Гүлнұр ҚАЙРАТҚЫЗЫ     

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу