Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінің тұрғындары жол азабын тартып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда қаласына қарасты Белкөл кентінің тұрғындары жол азабын тартып келеді

08.06.2018

Елді мекеннің шет аймағына қоғамдық көлік қатынамайды. Себебі, ойдым-ойдым көшелермен көлік түгілі, адам әрең жүреді. Балалар мектепке қысы-жазы жаяу қатынап қиналады. Базардан азық-түлік тасу да мұң болып тұр.

Белкөл кентінің қақ ортасын темір жол бөледі. Тұрғындар арғы беттен бергі бетке рельстер арқылы өтеді. Мектеп оқушылары да дәл осылай өтуге мәжбүр. Ал, оның адам өміріне қаншалықты қауіпті екені айтпаса да түсінікті.

Балтабай Алшынбеков бұл жерде 1949 жылдан бері тұрады. Содан бері талай қиындықты бастан өткерді. Бірқатар мәселе ретімен шешімін тапты, газ келді, су құбыры жүргізілді, бірақ, жолдың жайы сол күйі шешілмеді . 

Балтабай Алшынбеков, Белкөл кентінің тұрғыны:

Жолдың бәрі ойдым-ойдым. Бәрін құртқан «КамАЗ»-дар. Жедел жәрдем де келмейді. Таксилардың келе қоюы да екіталай.

Ләззат Доспаева, Белкөл кентінің тұрғыны:

- Азық-түлік алуға барсаң кемінде 1,5-2 мыңсыз әкелмейді. Үйде мүгедек балаларымыз бар. Балаларымыз қалаға бару үшін арғы беттен мінеді. Бармаған жеріміз қалмады.

Темір жолдың арғы жағында тұратын 100-ден астам отбасының көрген күні осы. Себебі, мұнда қоғамдық көлік қатынамайды. Қалаға бару үшін арнайы өткел болмағандықтан, жұрт темір жолмен немесе тоз-тозы шыққан жолмен жүреді. 

Айгүл Ердәулетова, Белкөл кентінің тұрғыны:

- Бізге бірінші жол, екінші қоғамдық көлік керек. Біз де әдемі өмір сүргіміз келеді. Балаларымызға айтатындай, қызықтыратындай ештеңе жоқ.

Қазір ауылда әкім жоқ. Сондықтан, әкімнің міндетін атқарушы Жасұлан Сәду бұл проблеманың назарда екенін айтады.

Жасұлан Сәду, Белкөл кенті әкімінің міндетін атқарушы:

- Белкөл кентіне дейінгі кіреберіс 2 шақырым жол қазіргі таңда иесіз мүлік ретінде Әділет органдарында тіркеуде тұр. Ол көше бойынша заңдастырылған кезде ақшасы бөлінетін болады. Жобалық-сметалық құжаттары әзір.

Жол мәселесі шешілсе, қоғамдық көлік қатынайды. Ал, темір жолға өткел салу үшін құжаттар дайындалып жатыр. Оған облыстық бюджеттен 5 миллион 800 мың теңге бөлінген.

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Play Market сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу